Жаңалықтар
Хромтауда көлік ішінде 10 жасар қыз көз жұмды: оқиғаға қатысты жаңа дерек шықты
Фото: Halyq Uni/Дәурен Ерболат
Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Дөн ауылында көлік ішінде өртеніп кеткен 10 жастағы қыздың оқиғасына қатысты тың дерек шықты, деп хабарлайды Halyq Uni Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.
Көліктің өртенгені туралы 101 номеріне 13 сағат 46 минутта хабарлама түскен.
Өрт орнына 13 сағат 47 минутта Хромтау ауданының №20 өрт сөндіру бөлімінен 6 адам және Хромтау ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің 2 қызметкері аттанды. Өрт болған ауыл аудан орталығынан 6 шақырым жерде. Өрт сөндірушілер 10 минутта жетті, – дейді Хромтау аудандық төтенше жағдайлар бөлімі.
Жалын 20 минутта толық сөндірілген.
«Өрт сөндіру барысында автокөліктің ішінен жасөспірімнің жансыз денесі анықталды», – дейді ведомстводағылар.
Жеткіншек қыз үйдегі үш баланың кенжесі.
Күнделікті көлікке кіріп-шығып ойнап жүрген бала.
Көліктің ақауы болмаған, күнделікті мініп жүрген көлік. Ата-анасы үйге кіріп кеткен. Көліктің есігі іштен де, сырттан да оңай ашылады. Көлік өртенгенде баланың ішінде болғанын ешкім білмеген, – дейді Дөн ауылының әкімдігі.
Баланың көліктен не үшін шыға алмай қалғаны құтқарушыларды да таңқалдырған. Өйткені көлік құлпы жабылып қалатындай емес, дейді олар.