Жаңалықтар
Ирандағы қазақстандықтардың кейбірі Түркіменстанға эвакауацияланды

Түркіменстанның сыртқы істер министрлігі Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Румыния және басқа да елдерден 120-ға жуық адам өткізу бекеттері арқылы Түрікменстан шекарасына өткенін мәлімдеді. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ведомство өкілдері Таяу Шығыстағы қазіргі жағдайға байланысты шетелдік дипломаттар мен олардың отбасы мүшелерінің, сондай-ақ қазіргі уақытта Иранда орналасқан басқа да азаматтардың шығуына өз аумағын ұсынғанын хабарлады.
«Бүгінгі таңда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Румыния және басқа да елдерден 120-ға жуық адам өткізу бекеттері арқылы Түркіменстанның мемлекеттік шекарасына өтті», – делінген хабарламада.
Олар көлікпен, азық-түлікпен, қонақүймен және қажет заттармен қамтамасыз етілген. Бұған қоса Түркіменстанның мемлекеттік органдары шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерімен және халықаралық ұйымдармен тығыз ынтымақтастықта екені айтылған.