Жаңалықтар
«Іштерің білсін әлу-ай…»: Зайытов Үкімет мүшелеріне ашуланды
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов сауалдарына дұрыс жауап ала алмайтынын айтып, Үкімет мүшелеріне ашуланды,-деп хабарлайды Qandastar.kz
Құрметті, Тамара Босымбекқызы! Сессия басында “сіз уәделердің бәріне бәріміз жауап береміз” дегенсіз. Арғы жағын “іштеріңіз білсін әлу-ай”. Нақты сайлаушылармен байланысқа келейік. Мен осы сессияда сіздерге он сауал жолдадым. Соның екеуін-ақ мысал етейін. ҰБТ былықтарының бәрін айтып келген кезде – сіздердің шығарған шешімдеріңіз: өмірі басы даудан арылмайтын Әбдіраслыовты әкеп қойдыңыздар. Рахмет! Айтыскер ақындар мен жыршы-темрешілер одағынан ғимарат туралы сұрақ қойып едім. Сіз жерден жеті қоян тапқандай “Алатау” дәстүрлі театрында ғимараты бар дедіңіз. Барып көріңіз, ол 20 шаршы ғана метр жер. Одаққа ғимарат деп айту ұят, – дейді Зайытов.
Депутат мектептерде ата-аналар мен мұғалімдерден ақша жинап жатқаны туралы шағым көбейіп кеткенін айтты.
Бізге Оқу-ағарту министрлігіне қатысты Қазақстанның бәленбай мектебінде ата-аналардан, мұғалімдерден ақша жинап жатқаны туралы фактілер айтылып, бірнеше шағым түсті. Мұндай ақша жинау қай қаулыға, қай заңға негізделген?, – деп сұрады депутат.
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан депутат берген нақты фактілер құқық қорғау органдарына жолданғанын айтты.
Ешқандай заңда, ешқандай қаулыда мектептерде ақша жинау мәселесі қарастырылмаған. Бұл – заңсыздық. Сіздің бұдан бұрын көтерген мәселелеріңіз бойынша әр фактіні жұмыс тәртібінде сізден алдық, тиісті заң орындарына жолдаймыз. Өз тарапымыздан да осындай жайттар мәлім болса, бірден құзыретті органдарға жолдап отырамыз, – деді Еділ Оспан.