Мәдениет

Junior Eurovision: Ержан Максимге Польшадағы қандастарымыз қолдау білдіруде

«Junior Eurovision-2019» байқауының басталуына санаулы күндер қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Қатысушылардың барлығы Польшаның Гливице қаласына келіп қойды. Ұйымдастырушылар да дайындыққа қызу кірісіп кетті. Олардың айтуынша, биылғы байқау былтыр Минск қаласында өткен шарадан кем түспейді.

«Әр байқаудың өз ерекшелігі бар. Біз биылғы шараны қабылдай отырып, өзіміздің елімізді, яғни Польшаны әлемге таныту мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Біздің шоу бәрінің көңілінен шығады деп ойлаймыз», – дейді Junior Eurovision-2019 ұйымдастырушысы Агата Конарска.

Ұйымдастырушылар түрлі елден жиналған жас дарындарды бір-біріне таныстыру жағына да ерекше көңіл бөлген. Осы ретте Гливицеде күн сайын кездесулер өткізілуде. Қазақстан атынан өнер көрсететін Ержан Максимге елімізден келген делегациядан бөлек, Польшада тұратын отандастарымыз да қызу қолдау білдіріп отыр.

«Байқаудың поляк жерінде өтуі, кездейсоқ емес деп ойлаймын. Бір кездері біздің әйгілі Әміре Қашаубаев атамыз келген сияқты. Осы Еуропа жұртшылығына, оның ішінде тағдырлас поляк жұртшылығына біздің әндерімізді, мәдениетімізді інішегіміз Ержан таныстырады деп сенемін. Және де Қазақстанның намысын осы бір ән байқауында үлкен абыроймен қорғайтындығына кәміл сенімдіміз»,- дейді қазақ диаспорасының өкілі Жандос Кәрінбаев.

Еске салсақ, оралдық әншінің аталмыш халықаралық байқауға қатысатынын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. 10 қазан күні ол Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, байқауға арналған «Арманыңнан қалма» әнінің бейнебаянын көрсетті. Оның режиссері – Александр Фломбойм, продюсері – Сергей Руцкий. Әннің авторлары – Хамит Шанғалиев, Данияр Алдабергенов және Тимур Балымбетов.

15 қараша күні Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз мәслихатында Ержан сахнаға нешінші нөмірмен шыққысы келетінін айтты. «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы Ерлан Бекхожиннің сөзінше, биыл байқауға негізінен Еуропалық одақ елдерінің өкілдері қатысады.

Әзербайжан мен Түркия өз кандидаттарын ұсынбағандықтан, Ержан бүкіл түркі әлемнің атынан өнер көрсететін болады. 18 қараша күні Ержан Алматы әуежайынан Польшаға ұшып шықты. Оны туысқандары мен жанкүйерлер шығарып салды.

«Junior Eurovision»-нің финалдық кезеңі 24 қарашада өтеді. Оны «Хабар» телеарнасы тікелей эфирден (басталуы 21.00) көрсетеді. Қазақстандықтар Ержан үшін дауысты қарашаның 22-сінен 23-іне қараған түнгі сағат 01.00-ден бастап Junior Eurovision сайтында бере алады. Ол үшін тізімнен Ержанмен қатар тағы 2 қатысушыны таңдап, «Дауысты қабылдау»/ «Дауыс беру» түймешегін басу қажет. Дауыс беру 24 қараша күні сағат 21.00-де шоу басталмай тұрып уақытша жабылады. Ал одан кейін қайтадан 15 минутқа ашылып, тағы бір мәрте дауыс беру мүмкіндігі болады. Жеребеге сәйкес, қазақстандық өрен сахнаға 10-ыншы болып шығады.

Айта кетейік, «Junior Eurovision» алғаш рет 2003 жылы Данияның Копенгаген қаласында өтті. Биылғы байқауға 19 елден өрендер қатысады. Ал Қазақстан байрақты бәсекеге алғаш рет 2018 жылы Минскіде (Беларусь) қатысты.

Еліміз атынан «Өзіңе сен» әнімен Данэлия Төлешова өнер көрсетіп, алтыншы орынға ие болды. Бас жүлде польшалық Роксанна Венгельге бұйырды. Екінші орынды Франция әншісі Ангелина, үшінші орынды австралиялық Джаэль Уена жеңіп алды.

 

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close