Әлем жаңалықтары

«Қабекеңді көрдім, ақ матамен жапты»: Колумбияда суға батып кеткен қайықта қазақстандықтың қаза болғаны туралы ақпарат тарады

Фото: azattyq.org

Колумбия жағалауында суға батып кеткен қайықта қазақстандық қаза болғаны айтылды. Алайда еліміздің сыртқы істер министрлігі мұндай ақпарат жоқ екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап хабарлайды.

Қайықта болған Қабидолла Қали есімді қазақстандық 9 шілдеге қараған түні қайтыс болды. Мәліметті сол күні қайықта болған тағы бір қазақстандық Байхан Жапақ айтып берген.

АҚШ-қа жетуді жоспарлаған бес қазақстандық (үш ересек, екі бала) өзге мигранттармен бірге Колумбияның Сан-Андрес аралынан Никарагуаның Корн аралына қайықпен шыққан. Сол кезде толқын көтеріліп, қайық аударылған. Байхан Жапақ пен оның отбасын, яғни әйелі мен екі баласын және басқа да мигранттарды Колумбияның жағалау күзеті құтқарып алған.

Осы сапарда бірнеше адам опат болған. Соның бірі қазақстандық Қабидолла Қали екені айтылды. Оның қазасын Байхан Жапақ Колумбияның көші-қон орталығынан естіген екен.

«Көші-қон орталығына ол кісінің сүйегін алып кетейін, бірге келдік дедім. Бұлай болмайды, туған-туысы, саусақ ізі я елшіліктен хат жіберу керек деді. Кейін Қабекеңнің туыстарымен байланысқа шықтық», – деді Байхан Жапақ.

Құтқарылғандар арасында Колумбия, Эквадор, Иран, Никарагуа, Венесуэла азаматтары болған.

«Иран азаматын құтқарғанда «Қабекеңді көрдім, ақ матамен жапты» деген. Екеуін бірге тапқан екен. Иран азаматын 11 сағаттан кейін құтқарған», – деді Байхан Жапақ.

Байханның сөзінше, Қабидолла Қалидің АҚШ-та таныстары болған. Қалидің қаза болғаны туралы ақпарат 10 шілдеде телеграм-арналарда тарады. 11 шілдеде оның Тұрсын Кеш есімді алыс туысы Қалидің қазасы болғанын естігенін айтты.

Қытай қазағының тағы бір туысы пікір бере алмайтынын айтып, жағдайды сыртқы істер министрлігі анықтап жатыр деді. Ал сыртқы істер министрлігі өкілі “бұл жағдай бойынша ресми ақпарат жоқ» екенін хабарлады. Байхан Жапақтың сөзінше, АҚШ-қа бармақ болған оларды Алматыдан Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласына жеткенде Никарагуа астанасы Манагуаға ұшаққа өткізбей қойған. Кейін Колумбияның Сан-Андрес аралынан қайықпен шығуға бел байлаған.

46 жастағы Қабидолла Қали Қазақстанға Қытайдан көшіп келген. Алматыда аспаз болып жұмыс істеген екен. Ол Байхан Жапақпен желідегі чатта танысып, 16 маусымда Қазақстаннан бірге шыққан. Жапақтың сөзінше, Қабидолла Қалидің әйелі, бала-шағасы болмаған, туыстарының көбі Қытайда тұрады.

Айта кетейік, бұған дейін Колумбияда мигранттар мінген қайық суға батып кеткені, оның ішінде қазақстандықтар бар екені айтылған еді.

 

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close