Жаңалықтар

«Қандай адамсың, клубты бер». Сотталған шенеуніктің бұрынғы әйелі тағы бір жайтты жайып салды

Фото: Tengrinews.kz

Сотталған Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қаһарман тікелей эфирде әйелдерге ажырасқаннан соң не істеу керектігі туралы кеңес берді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Белсенді Назым ҚаҺарман мен марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді 17 шілде күні әлеуметтік желіде тікелей эфир өткізді. Талқыланған тақырып – ажырасқалы жүрген келіншектерге өзін, балаларын қорғауға көмектесер түрлі кеңестер.

Назым Қаһарман әйелдердің күнделікті көретін қиындықтарын айтты.

«Ажырасқан уақытта дүние-мүліктің теңдей бөлінуі – заңдылық, бұл әлемдік тәжірибе. Алайда біздің ел бұған әлі жатырқай қарайды. Еркектер «Мен табыс табамын, ал сен үйде бос отырсың» деп шыға келеді. Әйелдің 9 ай бала көтергені, босанғаны, гормондық, психологиялық қиындықтарды бастан өткізгені қайда қалды? Оның құны қалай есептеледі? Баланың әкеге сыйлар бақытын да ақшамен есептей алмаймыз. Бірақ әлемдік тәжірибеде ер мен әйелдің отбасындағы материалдық үлесінен бөлек материалдық емес үлесі де есепке алынады. Бізге де осындай көзқарас керек. Қазақ қоғамында әйелге қойылар талап тым көп. Ол керемет жар, ибалы келін, үлгілі ана болып қана қоймай, жетінші баласын босанған соң 40 күннен кейін модель сияқты сымбатты болуы қажет. Сол талаптардың бәріне сай келіп тұрған күнде де үйде бос отырсың деп еңбегін құнсыздандырады», – дейді Назым.

Назым Қаһарман Қуандық Бишімбаевпен ажырасқан сәтте күйеуінің манипуляциясы туралы да жасырмады.

«Мүлік арқылы да манипуляция жасауға болады. Мен де өзге әйелдер секілді күйеуіме сендім. Клуб менің бұрынғы енеме (Бишімбаевтың анасына) тіркелген. Біз ажырасып жатқанда «Қандай адамсың, клубты бер» деген секілді көрініс болды. Бұл да бір манипуляция. Жанжалға мән бермей өз жұмысыңды істей беру керек», – дейді ол.

Үш баланың анасы Назым өз кәсібін бастап, аяққа тұрғызу үшін 10 жыл уақытын сарп еткен. Алайда кәсіп Бишімбаевтың анасына жазылып кеткен көрінеді. Артынша экс-министр бұрынғы әйеліне активтерін қайтарған.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close