Ауа райының күрт нашарлауына байланысты соңғы он күнде еліміздің бірқатар өңірлерінде төтенше жағдайлар тіркелді. Боран, көктайғақ, қатты жел және нөлдік көріну салдарынан 2026 жылғы 11–20 ақпан аралығында ТЖМ құтқарушылары қар құрсауынан 145 адамды, оның ішінде 17 баланы құтқарып, эвакуациялады. Сонымен қатар 48 автокөлік қар құрсауынан шығарылды. Бұл туралы Zakon.kz хабарлаған мәліметті Qandastar.kz сайты сілтеме жасап жария етті.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өтімділігі жоғары арнайы техникамен автожолдардың күрделі учаскелерін патрульдеп, кептелісте қалған көліктер мен адамдарға көмек көрсетуде.
Құтқарушылар тәулік бойы жұмысын жалғастырып, жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде.
Қазақстан ТЖМ азаматтарды дауылды ескертулерді қадағалап, сақтық шараларын сақтауға шақырады. Қолайсыз ауа райы кезінде алыс сапарға шықпау, ал ауыл тұрғындарына ұзақ серуеннен бас тарту ұсынылады.
