Жаңалықтар
«Қазақстан шикізаттық тәуелділіктен біртіндеп арылып, өңдеуші секторды күшейтуге бет бұрды»: Тоқаев басқарған алты жылда не өзгерді

Фото: Ақорда
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік қызметке кіріскеніне тура алты жыл толып отыр. 2019 жылы Президент болып сайланғаннан бері оның саяси жолында бірнеше кедергі пайда болды. Себебі бұған дейін елде «қос билік» ұғымы қызу талқыға түскен еді. Кейбір саясаттанушылар Президенттің нағыз билікті өз қолына алған кезеңін «Қаңтар» оқиғасымен байланыстырады. Десе де Президент Тоқаев әлі де саяси реформалар жүргізіп келе жатқанын және жүргізе беруге ынталы екенін жиі айтады.Оның президенттік мерзімі жалпы 10 жыл болады деп есептесек, дәл қазір сол жолдың ортасынан да асып барамыз. Бұл – Қазақстан қоғамы үлкен тарихи оқиға. Тарихи кезеңде өмір сүріп жатқанымызды бірі сезінсе, кейбірі сезінбеуі мүмкін. Бірақ бір ақиқаты сол, санаулы жылдар ішінде ауыз толтырып айтарлықтай өзгерістер болып жатыр. Тек кейбір өзгерістердің бізге сәл кешігіп келгені болмаса… Сондықтан 6 жыл уақыт ішінде қандай нәтижеге қол жеткіздік, қай салада нақты өсім бар деген сұрақтарға осы мақалада экономист, қаржы сарапшысы Айбар Олжаймен бірге жауап іздеп көреміз, деп жазады qandastar.kz sn.kz-ке сілтеме жасап.
Экономиканың жалпы көрінісі
Жақында Үкімет басшысы Олжас Бектенов осы 6 жыл ішінде жасалған істерге шолу жасап, «Ілгерілеуге бастаған алты жыл: Қазақстан орнықты даму жолында» деп аталатын мақаласын жариялады. Мақалада көбіне экономикалық сектордағы жетістіктерді талдап, соның ішінде нақты көрсеткіштерге тоқталды. Премьер-министр Олжас Бектеновтың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін қолына алған алты жыл ішінде ауқымды жұмыстар атқарылып, маңызды жетістіктерге қол жеткіздік.
Себебі ресми деректерге сүйенсек, 2024 жылдың соңында ЖІӨ 288 миллиард долларды құрады, ал жан басына шаққандағы ЖІӨ 14 мың доллардан асты. Қазақстан табысы жоғары елдер тобына жақындады. 2019-2024 жылдары аралығында өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 31,4%-ға, құрылыста 96,3%-ға өсті. Өңдеуші кәсіпорындар өз үлесі бойынша өндіруші сектормен теңесті. Үкімет басшысы жазған мақалада дәл осы цифрлар нақты көрсетілген.
Тек 2024 жылдың өзінде өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 1,3 триллион теңге болатын 180 инвестициялық жоба іске асырылды. Алты жыл ішінде машина жасау секторындағы өндіріс үш есе өсіп, өнеркәсіптік өндірістің жылдық орташа өсімі 20,3%-ды құрады.
– Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр жылында Қазақстан экономикасы орташа есеппен 18,11 миллиард долларға өсіп отырған, – дейді сарапшы А. Олжай.
Экономистің сөзінше, егер осы динамика сақталса, 2029 жылы Қазақстанның ЖІӨ көлемі 378,55 миллиард долларға жетуі мүмкін.
– Ал қазіргі жағдайға көз жүгіртсек, 2018 жылы 179,3 миллиард доллар болған ішкі жалпы өнім 2024 жылы 288 миллиард долларға ұлғайды. 2027 жылдары Қазақстан табысы жоғары мемлекеттер қатарына кіруі тиіс, – дейді экономист Айбар Олжай. Бұл үшін экономикадағы өсім қарқынын тұрақты сақтап, жаңа инвестицияларды көбірек тарту қажет, – дейді ол.
Өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс
Тағы да статистикалық деректерге тоқталайық. 2019-2024 жылдар аралығында өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі 31,4%-ға, ал құрылыс саласы 96,3%-ға өсті. Бұл – өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс салаларындағы жақсы көрсеткіш. Өйткені қарқынды инвестициялық жобалар өз жемісін берсе, аталмыш саладағы жетістік те молая түспек.
– Тек 2024 жылдың өзінде өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 1,3 триллион теңге болатын 180 инвестициялық жоба іске асырылды. Осы жобалардың арқасында бұл сектордағы өсім соңғы онжылдықтағы ең жоғары деңгейге – шамамен 6%-ға жетті, – дейді сарапшы А. Олжай.
Машина жасау мен мұнай-газ химиясы
– Алты жыл ішінде машина жасау секторындағы өндіріс үш есе өссе, өнеркәсіптік өндірістің жылдық орташа өсімі 20,3%-ды құрады, – дейді экономист Айбар Олжай.
Бұл сектор ел экономикасының әртараптандырылуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етіп отыр. Сонымен қатар, Қазақстан мұнай-газ химиясы өндірісін дамыта бастады.
– Қазақстан полимерлер, композиттік материалдар мен химиялық реагенттер өндіретін елдер қатарына қосылды. Атыраудағы KPI зауыты полипропиленнің ірі өндірушісіне айналды, – дейді сарапшы А. Олжай.
Бұл – Қазақстанның шикізаттық тәуелділіктен біртіндеп арылып, өңдеуші секторды күшейтуге бет бұрғанының айқын белгісі.
Ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі
Премьер-министр Олжас Бектенов ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында алты жыл ішінде 2,5 триллион теңге субсидия бөлініп, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 1,8 есеге өсіп, 8,3 триллион теңгеге жеткенін айтады. Агроөнеркәсіп кешенінде еңбек өнімділігі екі есе артып, 4,2 миллион теңгеге дейін ұлғайды.
Мемлекеттік сатып алуда қазақстандық өндірушілерді қолдау шаралары кеңейтілді. 2025 жылы «Бәйтерек» холдингі арқылы 8 триллион теңге инвестиция тарту жоспарланып, 2027 жылға қарай бұл сома 10 триллион теңгеге жетеді. Алты жыл ішінде экономикаға 130 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция құйылды.
Соңғы алты жылда агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 2,5 триллион теңге бөлінді.
– Бұл ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 1,8 есеге, яғни 8,3 триллион теңгеге дейін өсуіне ықпал етті, – дейді экономист Айбар Олжай.
Ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігі де артты. Соңғы бес жыл ішінде саладағы еңбек өнімділігі екі есе өсіп, бір жұмыскерге шаққанда 4,2 миллион теңгеге жетті.
– Азық-түлік өндірісінің көлемі 2,1 есе ұлғайды. Бұл ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға ғана емес, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға да мүмкіндік береді, – дейді сарапшы А. Олжай.
Шетелдік инвестициялар мен экспорт
– Соңғы алты жыл ішінде экономикаға 130 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестициялар тартылды, – дейді экономист Айбар Олжай.
Қазақстанға құйылған инвестицияның басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне бағытталып отыр.
– Оның көлемі 72,7 миллиард долларға жетті. БҰҰ Қазақстанды теңізге шыға алмайтын елдер арасында ірі ТШИ көлемін алушы ретінде екінші орынға шығарды, – дейді сарапшы А. Олжай.
Экспорттық көрсеткіштер де айтарлықтай жақсарды.
– Соңғы алты жылда сыртқы сауда айналымы бір жарым есеге, 94,8 миллиард доллардан 141,4 миллиард долларға дейін өссе, экспорт көлемі 61,1 миллиард доллардан 81,6 миллиард долларға жетті, – дейді экономист Айбар Олжай.
Осыған қоса, шикізаттық емес экспорттың үлесі артып келеді.
– Өңделген тауарлар экспорты 28,8 миллиард долларға жетті. Бұл 2018 жылғы көрсеткіштен шамамен екі есе жоғары, – дейді макроэкономика сарапшысы А. Олжай.
Егер осы бағыт сақталса, Қазақстан әлемдік нарыққа шикізат қана емес, дайын өнім экспорттайтын ел ретінде шыға алады.
Демографиялық өзгерістер мен экономиканың болашағы
– Қазір біздегі халық саны 20 286 084 адам. Орта есеппен бір жылда 380 мың адамға көбейіп отырмыз. Сонда 2029 жылы Қазақстан халқының саны 22 180 000 адам болуы тиіс, – дейді экономист Айбар Олжай.
Осы өсімді есепке алсақ, 2029 жылға қарай жан басына шаққандағы ЖІӨ 17,5 мың долларды құрайды.
– Демек, еліміз 10 жылдың ішінде кемінде екі есеге қуатты бола түспек, – дейді қаржыгер А. Олжай.
Ал Президенттің «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасының арқасында, бала сүйе алмаған отбасында 2021 жылдан бері 9 мыңнан астам сәби дүниеге келді.
Инфрақұрылымды жаңғырту
Үкімет басшысы баяндап, тереңнен тарқатқан тақырыптардың бірі –инфрақұрылымды жаңғырту мәселесі. Оның сөзінше, Энергетика және коммуналдық салалардағы дағдарысты еңсеру бағытында инфрақұрылымдық желілерді жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар жылу көздерінің орташа тозу деңгейі 71%-дан 61%-ға дейін төмендетілді. Қазір мемлекеттік бағдарламалар аясында 86 мың шақырым инженерлік желі жаңғыртылып жатыр.
Құрылыс саласы қарқынды дамып, 2019-2024 жылдары аралығында 97,8 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл қазақстандық мыңдаған отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуға септігін тигізді.
– Биыл Достық – Мойынты теміржол учаскесінің екінші желісінің құрылысы аяқталады, бұл өткізу қабілетін 12 жұп пойыздан 60 жұп пойызға дейін арттырады. Сондай-ақ Алматы бекетін айналып өтетін теміржол желісі де Алматы торабының жүктемесін 40%-ға жеңілдетеді», – Премьер-министр Олжас Бектенов.
Шынымен, Үкімет басшысы айтқан сөзінің жаны бар. Себебі соңғы алты жылда республикалық маңызы бар 4,4 мың шақырым автожол жаңғыртылып, 2024 жылы 12 мың шақырым көлік магистралі жөнделді. Достық – Мойынты теміржол учаскесінің құрылысы да аяқталуға жақын, бұл теміржол өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.
«Жол азабын жүрген білер» дейді қазақта. Әсіресе өз ішіміздегі бір өңір мен екінші бір өңірді жалғайтын жолдардың жағдайы аса мәз емес еді. Жол-көлік апатындан болатын қазаның көп жағдайы осы жолдың сапасыздығынан туындайтын. Сондықтан Мемлекет басшысы мәселені ескеріп, өңірлерді қосатын негізгі күре жолдарды өз бақылауында ұстады. Мұны Үкімет басшысы да қуана-қуана айтты.
– Сонымен қатар жолдардың құрылысы мен оларды жөндеу жұмыстары Президенттің тұрақты бақылауында. Соңғы алты жылда республикалық маңызы бар 4,4 мың шақырым автожолдарды, оның ішінде Орталық – Шығыс, Орталық – Оңтүстік, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Атырау – Астрахан және басқа да күре жолдарды реконструкциялау аяқталды. 2024 жылы 12 мың шақырым көлік магистралі құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылды, оның 8 мың шақырымы – республикалық, ал қалған 4 мың шақырымы жергілікті жолдарға тиесілі. Бұл – рекордтық көрсеткіш, – деп атап өтті ол.
Ауыз су тапшылығын шешу
2019 жылы қалаларда сумен жабдықтау деңгейі 97,2%, ауылдарда 86,4% болса, бүгінде бұл көрсеткіштер 99,4% және 97,8%-ға жетті. 6 256 ауылдың ішінде 5 523 ауыл таза сумен қамтылды. О. Бектеновтің сөзінше, қалған 833 ауылда таза су мәселесі 2024 жылдың соңына дейін толық шешілмек.
Ал жалақы мөлшерінде де біраз өзгеріс болды. Соның ішінде педагог-мұғалімдердің жалақысы айтарлықтай өскенін айта кеткен жөн. Статистикаға сүйенсек, 2019-2024 жылдары ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңгеден 85 000 теңгеге дейін екі есеге өсті. Педагогтардың жалақысы екі есеге, дәрігерлердің жалақысы жыл сайын 30%-ға, орта медициналық персоналдың жалақысы 20%-ға өсті. Көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы енгізіліп, бала күтімі бойынша төлемдер бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылды.2019 жылдан бері өмір сүру ұзақтығы 73 жастан 75 жасқа дейін ұлғайып, ана өлімі 26,3%-ға, нәрестелер өлімі 15,8%-ға төмендеді.
Ғылымды қолдау
Президент ғылымға әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Сондықтан ЖОО-дағы шәкіртақыны көбейтуге ден қойып, жауапты министрлікке де тапсырма беріп қойған. Қазір ғылым саласында жастардың үлесі 46%-ға жетіп, докторантура гранттары көбейді. Бұл болашақтың іргетасын жастар қалайды деген сенімнің нышаны болса керек. 2 297 ғылыми жоба және 299 ғылыми-техникалық бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. 208 жоба коммерцияландырылып, 180-ден астам өндіріс сатылым кезеңіне шықты.
Цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту
Мемлекет басшысы цифрландыруды дамытуға ерекше назар аударып, Қазақстан Орталық Азиядағы IT-қызметтердің жетекші экспорттаушысына айналды. «Отбасының цифрлық картасы», «Әлеуметтік әмиян», QazaqLaw заңнамалық көмекшісі сияқты жобалар енгізілді.
Премьер-министрдің сөзінше, биылдан бастап Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады. Сөйтіп бұл орталық Қазақстанның цифрлық трансформациясын жеделдетуге ықпал етеді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күшейтіліп, оны қылмыстық жазаға жатқызатын жаңа заң қабылданды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының бастамасымен балаларды қорғауға арналған «Қазақстан балалары» бағдарламасы іске қосылды.
Мәжіліс пен мәслихат сайлауы
2023 жылдың наурызында елімізде жаңа аралас жүйе аясында алғашқы Мәжіліс және мәслихат сайлауы өтті. Бұл саяси науқан бәсекелестіктің күшеюіне серпін беріп, демократиялық үдерістердің жаңа кезеңін айқындады. Сайлау шегі төмендетіліп, нәтижесінде алғаш рет Парламент құрамына алты партия енді.
Саяси ұйымдарды тіркеу талаптары айтарлықтай жеңілдетілді. Бұрын 20 мың мүше қажет болса, енді жаңа партия құру үшін 5 мың адам жеткілікті. Бұл бастама саяси алаңда жаңа күштердің қалыптасуына мүмкіндік берді. Сонымен қатар, сайлауға қатысушылардың санын арттыру мақсатында депутаттық мандаттардың 30 пайызы әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арнайы бөлінетіні заңмен бекітілді.
Бірмандаттық округтер арқылы өзін-өзі ұсынған кандидаттар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды. Бұл жаңашылдық азаматтардың Парламенттің қалыптасуына ықпал ету деңгейін айтарлықтай күшейтті.
Үкімет басшысы айтқандай, Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттігі кезеңінде Қазақстан экономикасы тұрақты даму траекториясына түсті. Өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, машина жасау және мұнай-газ химиясы секторы айтарлықтай ілгеріледі. Шетелдік инвестициялар тартылып, экспорттың құрылымы өзгеріп жатыр. Егер қазіргі қарқын сақталса, Қазақстан жақын жылдары табысы жоғары елдер қатарына қосылуы мүмкін.
Әрине, Президентке халық тарапынан, қоғам тарапынан жүктелген міндет әлі де көп. Алдағы бес жыл – экономикалық реформаларды жалғастыру үшін шешуші кезең болмақ. Қазақстан экономикалық өсімді сақтап, әлемдік нарықтағы орнын нығайта ала ма? Мұны уақыт көрсетеді. Бірақ бүгінгі қарқын, дәлірек айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұсындағы кезең елдің дұрыс бағытта келе жатқанын аңғартады. Бірақ бұл тек дақпыртқа айналмай, нақты істерде көріне берсе деп тілейміз.