Әлеумет және қоғам

Қазақстан сиыр етінің қымбаттығы бойынша әлемде 42-орында

Қазақстан сиыр етінің қымбаттығы бойынша әлемнің 76 мемлекеті арасында 42-орынға жайғасты. Бір келі еттің орташа бағасы 15,1 АҚШ долларын құрайды. Елдегі баға өсімі мен өңірлердегі айырмашылықтар туралы толық мәлімет ұсынылды.

Қазақстан сиыр етінің қымбаттығы бойынша әлемнің 76 мемлекеті арасында 42-орында тұр. Global Product Price дерегіне сәйкес, бір келі еттің орташа бағасы 15,1 АҚШ долларын құрайды, яғни шамамен 7,4 мың теңге. Бұл жөнінде Ranking.kz деректеріне сілтеме жасаған Qandastar.kz хабарлайды.

Ақпаратқа сай, 2026 жылдың қаңтарында Қазақстан осы тізімде 42-сатыға жайғасқан. Сиыр етінің бағасы БАӘ (12,5 доллар), сондай-ақ Румыния, Словения, Сингапур, Мексика және Сауд Арабиясы сияқты бірқатар елдерден жоғары. Африка мемлекеттерінде де ет бағасы қымбат болып, бір келісі кемінде 5,4 доллар деңгейінде тіркелген.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2000 жылдың наурызында бір келі сиыр еті 214 теңге болса, 2010 жылдың қаңтарында 641 теңгеге жеткен (сол кездегі бағам бойынша шамамен 4,5 доллар). 2026 жылғы ақпанда сүйексіз сиыр етінің орташа құны 4,9 мың теңгені құрады. Ең қымбат баға Астанада – 6,1 мың теңге, ал ең төменгі баға Павлодарда – 4,1 мың теңге.

Ақпан айында сиыр еті орта есеппен 26,8%-ға қымбаттады. Бағаның ең жоғары өсімі Жезқазғанда (+48,2%), Көкшетауда (+40,9%) және Түркістанда (+37,2%) байқалды. FAO деректеріне сәйкес, 2026 жылдың қаңтарында ет бағасының әлемдік индексі 123,8%-ға жетіп, өсім азық-түлік, логистика және ветеринарлық қызметтердің қымбаттауымен байланысты болды.

2025 жылы мал шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 47,4%-ға өсіп, 32,7 млрд теңгеге жетті. Қаражаттың 73%-ы ірі қара мал кешендерін дамытуға бағытталған. Дегенмен, халық табысының өсу қарқыны бағаның көтерілуімен тең емес, сондықтан ет нарығының тұрақтылығына қатысты сұрақтар сақталып отыр.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button