Жаңалықтар
Қазақстанда 470 сарбаздан суицидке бейімділік анықталды

Фото: istockphoto.com
Биылғы әскерге шақыру науқанында Қазақстанда 470 шақырылушыда суицидке бейімділік анықталды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады, деп жазды qandastar.kz
Әскерге шақырылушылардың психологиялық ауытқуларын анықтауға үкімет тапсырмасымен әскери психологтар әзірлеген Psy-risk әдістемесі көмектесті. Аталған азаматтардың бір бөлігі әскерден босатылып, енді бір бөлігі қосымша тексеруге жіберілді.
“Жаңа жүйе – көпсатылы психодиагностика механизмі. Ол бастапқы скринингтен, тереңдетілген психологиялық тексеруден және қажет болған жағдайда психиатриялық сараптамадан тұрады. Басты мақсат – психоэмоционалдық тұрақтылығы жеткіліксіз азаматтарды Қарулы күштер қатарына шақырмау”, – делінген хабарламада.
Әдістеме кезең-кезеңімен барлық өңірлерде енгізіледі.
“Біз тек психологиялық тұрғыда тұрақсыздарды анықтаумен шектелмейміз. Мақсат – болашақ әскери бөлімдердің ұжымдарын ықтимал қауіп-қатерден қорғау. Бұл – денсаулық, өмір және бөлімдердегі моральдық ахуал мәселесі”, – деді Қорғаныс министрлігінің психологиялық және әлеуметтік жұмыс басқармасының бастығы, подполковник Арман Қалышев.