Жаңалықтар
Қазақстанда алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды

Ұлттық банк қазақстандықтарға онлайн-сервистер мен мобильді қосымшаларды қолданғанда жеке деректерін қорғауға шақырды. Банктің мәліметінше, қаскөйлер логин, пароль, банк картасының деректемелерін ұрлау үшін фишинг, қауіпті сілтеме, жалған сайттар мен QR-код сияқты әртүрлі әдістерге барады, деп хабарлайды Qandastar.kz
Қаскөйлердің негізгі әрекеттері
- Дербес деректерді ұрлау үшін адамдарды ұтыс ойыны, конкурс немесе сауалнамаға қатысуға шақыру;
- Ұрланған фото, бейне, аудио жазбаларды жалған аккаунттар ашу үшін пайдалану;
- Қазақстан Ұлттық Банкі, құқық қорғау органдары немесе коммуналдық қызметтер қызметкері ретінде өзін таныстыру.
Азаматтарға ұсыныстар
- Банк картасының деректемесі мен құпиясөзді ешкімге бермеу;
- Интернетте жеке және қаржыға қатысты ақпаратты жарияламау;
- Әлеуметтік желі мен мессенджерде құпиялылық параметрін тексеру, күрделі құпиясөздер мен қос факторлы аутентификацияны пайдалану;
- Күдікті сілтемелерге өтпеу және банктен келген SMS-кодты үшінші тұлғаға хабарламау.
Егер дербес деректеріңіздің заңсыз пайдаланылғанын анықтасаңыз, Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне немесе құқық қорғау органдарына хабарласу керек. Консультация алу үшін Ұлттық Банк 1477 қысқа нөмірі арқылы байланысуға болады.