Жаңалықтар
Қазақстанда көлік жүргізушілері өзге біреудің қателігі үшін айыппұл арқалап жатыр

Фото: Бақ.кз
Қазақстандық көлік жүргізушілері өздері жасамаған құқықбұзушылықтар үшін айыппұл алып жатқандарын айтып шағымданды. Сарапшылардың пікірінше, бұл – жол қозғалысын бақылау камераларының көлік нөмірлерін қате тануына байланысты. Мұндай жағдайда айыппұлмен келіспей, оны жоюға болады, деп хабарлайды qandastar.kz 31 арнаға сілтеме жасап.
Айша Қошеман есімді жүргізушіге жылдамдықты асырды деген айыппен айыппұл жөнінде хабарлама келген. Алайда оның айтуынша, сол күні ол мүлде көлік жүргізбеген.
“Сол күні қаладан шықпаған соң, eOtinish арқылы өтініш жаздым. Айыппұлды жойып берді, ештеңе төлемедім”, – дейді ол.
Айша бұл мәселені жылдам әрі қиындықсыз шеше алған. Бірақ мұндай жолы бола бермейтіндер де бар. Кейде адамдар жүйкесін құртып, уақытын жоғалтып, мән-жайға үңілместен, келген айыппұлды бірден төлей салады. Ал камералардың жұмыс істеу жүйесі қателіктен ада емес.
“Электроника тек нақты сызықтар мен таңбаларды тануға бейімделген. Жарықтың шағылуы немесе басқа факторлар әсер еткен жағдайда, жүйе көліктің маркасын да елемейді. Ол нөмірді оқып, белгілі бір форматқа сәйкестендіріп, көрінген нәрсеге айыппұл сала салады”, – дейді “Жалпы жол” қауіпсіз жол қозғалысы қауымдастығының президенті Арсен Шакуов.
Ал Ішкі істер министрлігі мұндай жағдайларда қасақана ниет жоқ екенін айтып, барлық даулы мәселелер заң шеңберінде шешілетінін ескертеді.