Қаржы және төлемдер

Қазақстанда курс сататын коучтардың қызметі заңдастырылуы мүмкін

Фото: Pixabay

Қазақстанда тұтынушылардың құқығын қорғау заңына өзгеріс енгізу керек. Сапасыз курс сататын тренерлерге осылай тосқауыл қою ұсынылды. Сонымен қатар сабақ беретін коучтарға арнайы талаптар қойылып, олардың мемлекеттік тізімі жасалуы мүмкін, деп хабарлайды qandastar.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.

Бүгінде бір айдың ішінде толағай табысқа кенелтем дейтін коучтар көбейіп кетті. Әлеуметтік желіде сан алуан тренингке шақыратын жарнама шашетектен. Бірі бай болуға үйретемін десе, енді бірі сұлу әрі іскер болудың құпиясын айтамын деп сендіреді. Тіпті өмірлік серігін тауып, бақытты отбасы болудың сырын ашамын дейтіндер де көп. Былтырдың өзінде алаяқ коучтарға алданған 600 адам Тұтынушылар құқығын қорғау комитетіне шағымданған.

Бизнес-тренер Қайсар Мақан мұндай жарқ-жұрқ еткен жарнамаға сенбуге шақырды.

«Егер курстар аз уақытта төбеңнен алтын жаудырам деп жарнамаланса, қуануға асықпаңыз. Олар да алаяқтар сияқты жылдам ақша арқылы манипуляция жасайды. Әдетте псевдо-коучтардың курсына тіркелу оңай боп келеді. Сондай-ақ «сізге арнайы ұсыныс әзірледік, акция тек бүгін ғана жүріп жатыр» деген сияқты хабарлармен қызықтырады. Бұл нейролингвистикалық бағдарламалау әдістерінің артында алаяқтар тұр», – дейді кәсіби бизнес-тренер Қайсар Мақан.

Мамандардың айтуынша, цифрлық технологиялар дамыған заманда бұл қызметтерді қадағалау қиын болып тұр. Арнайы статистика да жүргізілмейді, тіпті, заңдар да дәрменсіз.

«Тұтынушылар құқын қорғау заңына өзгерістер енуі керек. Мысалы, осындай ақпарат беріп, «оқытамын, осындай дәрежеге жеткіземін» деп, бірақ та дәрежеге жеткізбеген, оның құрал, материалдары сәйкес болмаса, онда тұтынушыға толық ақшасын қайтарып беруі керек. Сонымен қатар айыппұл төлеуі керек тұтынушыға», – дейді Қазақстан тұтынушылары республикалық қауымдастығы төрағасының орынбасары Тұрсын Жағыпарова.

Сонымен қатар тренерлерді сертификаттау ұсынылды. Яғни дәріс беру үшін әр маман арнайы комиссияға өзінің білімі мен білігін дәлелдеуге тиіс.

«Сонда сабағына салғырт қарайтын коучтар болмайды», – дейді мамандар.

«Реестрде бар кез келген маманға сенім болады. Ол үшін тренерлерге қойылатын арнайы талаптар болуы керек. Сонымен қатар олардың қызметін бақылау үшін құзырлы органдарға нақты нормативтер қажет. Мәселен, міндетін орындамаған жағдайда қандай жаза қолданылады деген сияқты. Сондықтан бұл мәселені үкіметпен бірлесіп талқылау керек. Сол кезде қоғамның, арнайы ұйымдардың ұсыныстарын тыңдаймыз», – дейді Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Динара Наумова.

Депутаттың ойынша, бұл ережелер қызметін адал атқарып жүрген мамандарға әсер етпейді. Жаңа талаптар нарықты «инфосығандардан» тазартуға сеп болмақ.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close