Қаржы және төлемдер

Қазақстанда төлемді бір күн кешіктірген тұтынушыға жаңа несие берілмейді

Фото: Stan.kz

Несие төлемін кешіктірген қарыз алушыларға жаңа несие беру шектеледі, ал банк қарызы енді мемлекеттің мойнына өтпейді, деп жазды qandastar.kz

Жаңа заң бойынша цифрлық теңге төлем құралы ретінде кеңінен қолданылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюробағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Енді несие бойынша төлемін бір күн кешіктірген тұтынушыға жаңа несие берілмейді. Нақтырақ айтқанда, екінші деңгейлі банктерге мерзімді төлемін 30 күнге, микроқаржылық ұйымдарға 24 сағатқа кешіктірген борышкерлерге қарыз беруге тыйым салынады. Бұл шараның басты мақсаты – қарызды қайтара алмау қаупі жоғары тұрғындарды қарыз қақпанынан қорғау.

Қаржы нарығын реттеу агенттігі депутаттарға «Банк туралы» жаңа заң жобасын таныстырды. Айтуларынша, 30 жыл бұрын қабылданған ескі заң қазіргі заман талабына сәйкес келмейді, сондықтан секторда ауқымды өзгерістер күтіліп отыр.

Енді қаржы ұйымдарына екі түрлі лицензия беріледі: базалық және әмбебап. Базалық лицензиясы бар банктердің активтеріне ең төменгі және ең жоғары шектер белгіленеді. Жоспар бойынша, жоғарғы шегі – 500 миллиард теңге, төменгі шегі – 10 миллиард теңге. Ал әмбебап банктер исламдық қаржы құралдарын ұсына алады. Мысалы, қаржы ұйымының ішінде шариғат талаптарына сәйкес жұмыс істейтін арнайы бөлімшелер ашылады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова  исламдық қаржы ерекшелігін ескеру керек екенін айтты.

«Исламдық қызметті ұйымдастырушылық тұрғыдан оқшаулау, активтер мен міндеттемелерді бөлек есепке алу және басқару, жеке қызметкерлерді бөлу, сондай-ақ қаржы өнімдерін бекітетін және аудит жүргізетін шариғатқа сәйкестік жөніндегі кеңестің болуы көзделген», – деді ол.

Сонымен қатар енді банк қарызы мемлекеттің мойнына өтпейді. Керісінше, акционердің жарғылық капиталы сол борышты төлеуге жұмсалады. Егер қаражаты жетпесе, мемлекет қажетті қаржыны құйып, акционер атанады. Жаңа заң аясында цифрлық теңге де ерекше мәнге ие болады. Бұл төлем түрін қауіпсіз деп айтуға толық негіз бар.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов цифрлық теңгеге пайыз жүрмейтінін де атап кеткен жөн деді.

«Ол депозит емес. Яғни, қолма-қол және электрондық ақшаның қызметін біріктіреді. Осылайша, халыққа төлем жасау жеңілдейді. Цифрлық теңге төлем құралы ретінде қызмет етеді. Оның қолданылу аясы кең, барлық қаржылық операцияларды толық бақылауға мүмкіндік береді. Егер ақша ұрланған немесе алаяқтық әрекет анықталса, сома толық бұғатталады», – деді Ұлттық банк өкілі.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда несие алу әлдеқайда қауіпсіз әрі ашық болатынын жазған едік. Жаңа заң бойынша азаматтарға ойлануға бір күн беріледі, алаяқтық әрекет байқалса шот бес күнге бұғатталады. Алғаш рет несие алатын адам банкке жеке келуге міндетті. Сондай-ақ төтенше жағдайдан зардап шеккендер мен әлеуметтік осал топтарға несие мен микроқарыздарды үш айға кейінге қалдыру мүмкіндігі қарастырылған. Банк пен микроқаржы ұйымдары күмәнді төлемдер мен алаяқтықты анықтаған жағдайда операцияларды тоқтатуға құқылы. Айыппұл тек микроқарыздар үшін ғана сақталады, мерзімінен бұрын өтеуге шектеу жоқ.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close