Жаңалықтар
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҒАЛЫМДАР МЕН СТУДЕНТТЕР КЛИМАТТЫ БАҚЫЛАУ СЕНСОРЛАРЫН ЖАСАДЫ
Жылыжайларға арналған климаттық бақылау сенсорларын тараздық ғалымдар мен студенттер жасап шығарды. Құрылғы топырақ пен ауаның күйін анықтайды, сонымен қатар суару немесе температураны реттеу қажеттілігі туралы хабарлайды. Жас биологтар тропикалық жемістердің 100-ден астам түрін акклиматизациялаумен де айналысады, деп хабарлайды 24KZ тілшісі.
Әзірлеушілер автоматтандырылған климаттық бақылау жүйесін жасауға алты ай жұмсады. Ғылыми топты ғалым Сабыржан Орынбасар басқарды. Топырақта орналасқан датчиктер жылыжайдағы температура, топырақ ылғалдылығы және атмосфералық қысым туралы мәліметтерді жазады. Бұл қажет болған жағдайда өсімдіктерді іріктеп суаруға мүмкіндік береді.
Сабыржан Орынбасар, ғылыми топ жетекшісі:
– Құрылғы екі саусақты аккумулятор арқылы 10 шақырым қашықтыққа жыл бойы ақпаратты жібере алады. Ол үшін жылыжай кешенінде немесе далада датчиктер орнатылады. Сенсордың екінші бөлігі телеметриялық, ақпарат сонда жинақталады, ал үшіншісі климаттық бақылауға мүмкіндік беретін телемеханикалық болып табылады.
Ғалымдар автоматтандырылған жүйенің нәтижесін оң бағалайды. Оның көмегімен өсімдіктердің 100-ден астам түрін акклиматизациялау мүмкін болды. Жылыжайда лимон, банан және дәмдеуіштердің 12 түрі өсіріледі. Осыдан алты ай бұрын мұнда Қытай, Түркия, Өзбекстаннан әкелінген інжірдің жеті сорты өсіріле бастады. Алғашқы жемістер қазірдің өзінде піседі.
Құралай Әйтекова, техника ғылымдарының кандидаты:
– Экзотикалық жемістер жылыжай жағдайында жақсы тамыр алады. Мысалы, лимон қазірдің өзінде еліміздің қалыпты климаттық аймақтарында өсіріледі. Сондай-ақ жылыжайларда манго мен банан өсіру, оларды іріктеу мүмкіндіктерін зерттеп жатырмыз.
Университет ғалымдары ашық жер жағдайында инновацияларды енгізумен айналысуда. Трансшекаралық өзендерге тәуелді аймақ үшін су ресурстарын үнемдеу өзекті мәселе болып табылады. Сондықтан жаңашылдар жергілікті биліктің қолдауынан үмітті.