Жаңалықтар
Қазақстандықтар таңғы 8-ден жұмысқа шығады

Фото: ашық дереккөз
Енді өңірлерде мәслихат депутаттары жұмыс кестелерін түзету арқылы жұмыс уақытын оңтайландыру жөніндегі бастаманы қолға алды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Үкімет отырысында мәлімдеді, деп жазды qandastar.kz
Министрдің айтуынша, бұл шаралар кәсіби және жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтауға, халыққа қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
«Бүгінде ШҚО-ның Қатонқарағай, Марқакөл, Үлкен Нарын, Зайсан, Тарбағатай, Самар, Күршім секілді бірқатар ауданында жұмыс кестесі өзгерді. Сағат 8:00-ден 17:30-ға дейін түзетіліп, тұрғындар тарапынан қолдау тапты. Қажет болған жағдайда осындай тәжірибені жергілікті атқарушы органдар басқа өңірлерде қолданады», – деді Арман Шаққалиев.
Еске салайық, 5 қаңтардан бастап Қатонқарағай ауданының 17 ауылы жұмыс күнін 08:00-де бастап, 17:30-да аяқтайтын «жеке» жұмыс кестесіне көшті, ал 24 ақпаннан бастап Марқакөл және Үлкен Нарын аудандарының тұрғындары да осы тәртіпке өтті.
5 наурыздан бастап Зайсан, Күршім, Тарбағатай және Самар аудандарының тұрғындары да жұмыс күнін бір сағат ертерек бастайтыны белгілі болды.