Жаңалықтар
Қазақстанның әскери қызметкерлерінің зейнетақысы мен жалақысы көтеріледі
Фото: ашық дереккөз
Премьер-министр Олжас Бектенов 27 қыркүйектегі қаулысында құқық қорғау органдары қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көшуді қарастырғанын еске салды. Соған сәйкес, қарулы күштер әскери қызметшілерінің лауазымдық жалақысы екі жылда шамамен 50 пайызға дейін өспек, деп хабарлады qandastar.kz.
Бірінші кезеңде оциферлік құрамның жалақысын орташа есеппен 20,3 пайызға, ал қатардағы жауынгерлер мен сержанттардың жалақысын 33,9 пайызға арттыру көзделген. Екінші кезеңде офицерлердің жалақысы орта есеппен 23 пайызға өссе, қатардағы жауынгерлер мен сержанттардың жалақысы 10 пайызға өспек.
Бұдан бөлек, әскери қызметшілерге әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында өзге де жеңілдіктер беру жоспарланып отыр. Мысалы, әскери қызметшілерге коммуналдық қызмет үшін төленетін үстемақы енді отбасының әрбір мүшесіне төленуі мүмкін. Қызметкерлердің біліктілігіне қарай және мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтермен жұмыс істегені үшін үстемақы берілмек. Сондай-ақ, әскери қызметкерлер мен оның отбасы мүшелерінің жылына бір рет демалыс орнына барып-қайту жолақысы тегін болады. Одан бөлек, әскери қызметшілердің қоғамдық көліктерде тегін жүруі мәселелері де пысықталуда.
Зейнеткерлікке жаңадан енді шыққан әскери қызметшілерге еңбек өтілі үшін төленетін төлемдерді қазіргі 50-65 пайыздың орнына 60-75 пайыз мөлшерінде ұлғайту мәселесі қарастырылуда.