Әлем жаңалықтарыЖаңалықтар

Қазақтар ресейлік кофехана желісіне жаппай бойкот жариялады

Фото: бесмедиа

Қазақстандықтар Smart Coffee кофеханалар желісіне жаппай бойкот жариялауға көшті. Бұған Қаңтар оқиғасына қатысты әлеуметтік желіде тараған пікір түрткі болды, деп жазады qandastar.kz

Желі қолданушыларының ашуын тудырған жазба ресейлік кәсіпкер, аталған брендтің Қазақстандағы франшиза иесі Евгений Глинскийдің атынан жарияланған. Алайда кәсіпкер бұл пікірді өзі жазбағанын айтып, көпшіліктен кешірім сұрап, ақталуға кірісті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жұрт неге дүрлікті?

Ресейлік кәсіпкер Instagram-дағы ZTB парақшасындағы «Путин Жеңістің 80 жылдығына орай Украинамен уақытша бітім жариялады» деген жазбаның астына “Қаңтар оқиғасына” қатысты пікір қалдырған.

“Атқа мініп қарсы аласыңдар ма? Сендер тіпті елдеріңде болған төңкерісті өз беттеріңше тоқтата алмадыңдар, батырлар», – деп жазған ол.

Бұл пікір көпшіліктің намысына тиіп, ҰҚШҰ әскерінің араласуы мазақ қылған сөз ретінде қабылданды. Скриншот Threads және өзге әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті.

Көп ұзамай желі қолданушылары 2ГИС қосымшасында аталған брендке жаппай төмен баға қойып, әлеуметтік бойкот жариялады.

Кәсіпкердің жауабы

Көпшіліктің сынына іліккен кәсіпкер аталған жайттан соң видеоүндеу жасап, мән-жайды түсіндіріп, халықтан кешірім сұрады.

«Бүгін түнгі 2-де парақшама шабуыл басталды. Біреу менің атымнан жазылған пікірдің скриншотын таратты. Мен өзім Башқұртстанда туғанмын, жартылай башқұрт, жартылай татармын. Біздің халықтың мәдениеті мен дүниетанымы қазақ халқына өте жақын. Әлгі пікір менің өзіме де ауыр тиді. Ондай сөзді ешқашан жазған емеспін», – деді ол.

Глинскийдің айтуынша, Қазақстандағы Smart Coffee командасында шамамен 40 адам жұмыс істейді, басым бөлігі – қазақтар.

«Менің атымнан жазылған пікір үшін кешірім сұраймын. Ол менің де намысыма тиді. Қаңтардағы жараның қаншалықты терең екенін түсінемін», – деді кәсіпкер.

Сонымен қатар ол желіде тараған жазбаның өзіне тиесілі емес екенін, бірақ бәрібір туындаған жағдай үшін жауапкершіліктен қашпайтынын мәлімдеді.

Айта кетейік, Smart Coffee Қазақстанда өз-өзіне қызмет көрсету форматында жұмыс істейтді. Яғни, вендинг аппараты арқылы кофе сатумен айналысады.

Kompra.kz дерегіне сүйенсек, «Smart Coffee» атауымен тіркелген екі компания бар: бірі – Алматы облысы Боралдай кентінде орналасқан «Smart Coffee» ЖШС, екіншісі – Алматыдағы «Smart Coffee LTD». Олар Дамир Волох пен Артём Габдрахманов есімді азаматтардың атына тіркелген. Компанияның .kz доменіндегі ресми сайты уақытша істемейді.

Глинскийдің өзі кофе арқылы табыс тапқан кәсіпкер ретінде танымал. Ол бір шынаяқ кофені 100 рубльге (шамамен 500 теңге) сатып, 18 миллион рубль пайда тапқанын айтып жүр.

Еске салайық, биыл қаңтарда Астанадағы Qazaq Coffee кофеханасы да даулы пікірден соң жабылған болатын. Сол кезде астаналық тұрғын Қайрат Ибраев кофеханадан қазақша мәзір сұрап, болмаған соң шағымын 2ГИС қосымшасына жазған. Оған әкімшілік қызметкері: «Қызметкерлеріміз қазақша сөйлеуге міндетті емес», – деп жауап қатқан. Бұл пікір қоғамда үлкен наразылық туғызып, әлеуметтік желіде ұлт пен тілге деген құрмет мәселесін қайта көтерген еді. Нәтижесінде, Qazaq Coffee өз жұмысын тоқтатты.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close