Жаңалықтар

Көлік және логистика: Қазақстанның даму бағыты қалай өзгеріп жатыр?

Фото: artificial intelligence in Transportation and Logistics

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту ел дамуындағы басым бағыттардың бірі ретінде белгіленді. Қазақстан өз аумағын Еуразияның стратегиялық транзиттік хабына айналдыруды көздеп отыр. Бұл мақсатта автожолдар, теміржолдар, порттар мен әуежайлар жаңғыртылып, цифрлық шешімдер енгізілуде. QANDASTAR.KZ бірқатарына шолу жасады.

12 мың шақырым жол:  жаңғырту жұмыстары нәтижесін беруде

2024 жылы берілген тапсырмаға сәйкес, кемінде 12 мың шақырым жол жөндеуден өтті. Оның ішінде 7 мың шақырым жолда негізгі жұмыстар аяқталды. Жобаларға 25 мыңға жуық маман мен 10 мың техника жұмылдырылды.

Республикалық жолдардың жақсы күйі 93%-ға, ал жергілікті жолдардың үлесі 89%-ға жетті. Жаңғыртылған стратегиялық жол бағыттары:

  • Қарағанды – Алматы (885 шақырым): төрт жолақты, толық жарықтандырылған жолға айналды. 33 көпір мен 48 жол өткелі салынды.
  • Талдықорған – Өскемен (768 шақырым): жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыратын жаңа жолайрықтар мен көпірлермен жабдықталды.
  • Атырау – Астрахан (212 шақырым): 6 көпір мен 60 өткізу нысаны орнатылды.
  • Ақтөбе – Қандыағаш (96 шақырым): 700 мың тонна асфальт төселіп, күрделі реконструкция жасалды. Көлік саласында цифрлық технологиялар белсенді түрде енгізілуде. 2025 жылдың соңына дейін 220 автоматтандырылған өлшеу стансасы орнатылады. Электрондық билеттер, цифрлық диспетчерлік жүйелер, интеллектуалды көлік шешімдері іске қосылмақ.

 

Транскаспий дәлізі – жүк тасымалы алты есеге артты

Сонымен қатар Қазақстан Қытай, Әзербайжан, Грузия және Түркиямен бірлесе отырып, Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТМТМ) белсенді дамытып жатыр. Бұл дәліз бүгінде Еуразиялық логистиканың негізгі бөлігіне айналды.

  • 2020 жылы – 0,8 млн тонна
  • 2024 жылы – 4,5 млн тонна жүк тасымалданды
  • Контейнерлік тасымал – 2,7 есе артты

Жаңа логистикалық хабтар ашылды: Ақтау портында контейнер терминалы, Құрық портында астық терминалы, ал Грузияның Поти портында мультимодалды терминал іске қосылды.

 

Теміржол арқылы транзит көлемі 5 есе өседі

Жүзеге асырылып жатқан төрт ірі теміржол жобасы (1,3 мың шақырым):

  • Достық – Мойынты
  • Алматы айналма теміржолы
  • Дарбаза – Мақтаарал
  • Бақты – Аягөз

Сонымен қатар Транқазақстандық теміржол дәлізі аясында 1,6 мың шақырым жол жаңғыртылып, «Мойынты – Қызылжар» (366 км) желісі салынды.

125 теміржол вокзалы қайта жаңартылуда. Жолаушылар үшін ыңғайлы инфрақұрылым қалыптасып жатыр. Биыл жолаушылар вагондары 175 бірлікке толықтырылмақ, оның ішінде – швейцариялық Stadler компаниясының 51 вагоны.

Астана: $1,1 млрд инвестициямен жаңа жолаушылар және жүк терминалдары, екінші ұшу-қону жолағы салынады. «Аэротрополис» көпфункционалды кешені де бой көтереді.

Алматы: 2050 жылға дейінгі жоспар шеңберінде әуежай толық жаңғыртылады. Қазіргі уақытта ішкі рейстер терминалы, ҰҚЖ, техникалық инфрақұрылым қайта құрылуда.

Шымкент: Жаңа терминал ашылып, өткізу қабілеті 6 млн жолаушыға дейін артты. Ұзындығы 3,5 км жаңа ҰҚЖ салу жоспарланған.

Ақтөбе: 15 мың м² заманауи логистикалық хаб салынып жатыр. Жанармай кешені жаңғыртылып, JET-A1 отынын жеткізетін алғашқы аймақтық әуежай болмақ.

Курорттық аймақтарға – заманауи әуежайлар

Деректерге сәйкес, Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық өңірлерінде жаңа әуежайлар салынуда. Бұл жобалар туристік ағынды арттырып, аймақтардың экономикалық әлеуетін ашады. Әуежайлар орналасатын жерлер – метеожағдайлар мен география тұрғысынан қолайлы таңдалған.

1992 жылдан бері тоқтап тұрған Арқалық әуежайында күрделі жаңғырту жұмыстары басталды. Жаңа терминал мен ҰҚЖ салынып, қалаға тұрақты әуе қатынасы қайта оралады. Жаңа терминал сағатына 70 жолаушыға қызмет көрсете алады.

Көлік инфрақұрылымын дамыту – еліміздің экономикалық өсімі мен халықаралық саудада бәсекеге қабілеттілігін арттыратын басты құрал. Жолдар, теміржол, әуежайлар мен порттар – мұның барлығы Қазақстанды Орталық Азияның логистикалық жүрегіне айналдыруға бағытталған.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close