Жаңалықтар

Кредитті кешіруге бағытталған жаңа заң күшіне енеді

Банктерге кейбір борышкерлерінің баспанасын тартып алуына тыйым салынатын жағдайлар бекітілді,-деп хабарлайды Qandastar.kz

Таяуда, 2024 жылғы 19 маусымда Президент «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойғаны мәлім.

Бірақ бұл құжат әзір күшіне енбейді. Мәжілістің түсіндіруінше, бұл заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 60 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Яғни, биылғы қыркүйек айының аяғына қарай іске қосылады.

Заңның біраз жаңалығы бар. Ол халықтың борыштық жүктемесінің өсуіне жол бермеуге қатысты бірқатар ережелерді қамтиды. Нақтылағанда, азаматтардың борышының өсуін болдырмау үшін:

  • Төлемін енгізу тоқтатылғанына 90 күннен асқан берешегі бар адамдарға кепілсіз жаңа тұтынушылық қарыздар беруге тыйым салынады. Бұл тыйым заемды қайта қаржыландыруға жүрмейді.
  • Әскерге шақырылған жігіттердің кредиті болса, мерзімді әскери қызметін өткеруі кезінде және демобилизациядан кейін 60 күн ішінде оның алған қарызына сыйақы есептелмейді.
  • Мораторий енгізілді: 2026 жылғы 1 мамырға дейін банктер мен микроқаржы ұйымдарына азаматтардың қарызын коллекторлық агенттіктерге беруге тыйым салынды.
  • Бұл мораторий аяқталған соң, 2026 жылғы 1 мамырдан бастап жеке тұлғалардың берешектерін коллекторлық агенттіктерге сату шарттары қатаңдатылады. Атап айтқанда, тек берешек туындаған күннен 24 ай (2 жыл) өткен және берешекті реттеу жөніндегі рәсімдер міндетті түрде жүргізілген жағдайда ғана қарыз алушының борышын коллекторларға табыстауға рұқсат етіледі.
  • Егер банк және микроқаржы омбудсмендері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын борышкердің шағымын қарап жатса, сол мерзім ішінде банктер мен МҚҰ-ларға ол адамның кепілге қойған жылжымайтын мүлкін тартып алуға тыйым салынады. Шағым қарау аяқталған соң – рұқсат.
  • Әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар енді бұған дейін банк балансына өтіп кеткен жалдамалы баспанасын кері сатып алу құқығына ие болады.
  • Кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды және І, ІІ топ мүгедектерін жылыту маусымында жалғыз баспанасынан мәжбүрлеп шығаруға тыйым салынады. Қыс аяқталған соң қуып шығуға – рұқсат.
  • Коллекторлар, жеке сот орындаушылары, қаржы ұйымдары алып қоя алмайтын және берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қабылдағанда борышкердің банктік шотында қалуға тиіс ақша сомасы ең төменгі күнкөріс деңгейінің (биыл 43 407 теңге) екі еселенген мөлшеріне (86 814 теңге) дейін ұлғайтылды.

Жаңа заң жобасы жаңашылдықтарының бір бөлігі алаяқтықпен күреске қатысты. Мысалы, егер онлайн кредитті алаяқтардың рәсімдегені сотта дәлелденсе және судья тиісті үкім шығарса, ондай кредиттер кешіріледі.

«Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап, алаяқтардың ықпалымен рәсімделгенін дәлелдейтін сот актілері бар берешектер тегіс кешіріледі. Алаяқтық әрекеттерге жол бермеу үшін онлайн қарыздар бойынша міндетті түрде биометриялық сәйкестендіру енгізілді. Бұған дейін кредиттік бюрода азаматтардың несие алудан ерікті түрде бас тартқаны туралы мәлімет болған жағдайда қарыз беруге тыйым салынған еді. Осы заңда аталған тыйымды бұза отырып берілген қарыздар бойынша берешекті қаржы институттарының кешіру талабы енгізілді. Бірақ бұл тыйым ломбардтар берген микрокредиттерге таралмайды», – деп түсіндірді Ақорда.

Бұл заңға қатысты Үкімет басшысы Олжас Бектенов депутаттарға жазбаша түсініктеме берді.

Оның айтуынша, кредиттерді рәсімдеумен байланысты алаяқтық қылмыстарды әшкерелеу және жолын кесу мақсатында ІІМ Бас прокуратурамен, Ұлттық банкпен, Қаржылық мониторинг агенттігімен, Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп, тұрақты негізде талдау жұмыстарын жүргізуде.

«Соның негізінде жүйелі шаралар, заңнамалық түзетулер қабылданып жатыр. Мысалға, Қаржы нарығын реттеу агенттігі әзірлеген, «кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру» мәселелеріне арналған жаңа заң биыл күшіне енеді. Оған сәйкес, егер кредит клиенттің қатысуынсыз, алаяқтық жолмен рәсімделгені анықталса және тиісті сот шешімі заңды күшіне енсе, мұндай жағдайда қаржы ұйымы клиенттен қарызды өтеуді талап етуін доғарады және клиентке келтірілген шығынды өтейді», – деді Премьер-министр.

Аталған заңның талабына сәйкес, мұндай жағдайда банк немесе микроқаржы ұйымы зардап шеккен азаматтың бүлінген кредиттік тарихын тазалап беруге міндеттеледі.

Заң бойынша «қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою шараларын қабылдау туралы ұсынымның, не құқық қорғау органдарының қарыз алушыны жәбірленуші деп тану туралы қаулысының негізінде банк, сондай-ақ банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым күнтізбелік 3 күннен кешіктірмей:

  • Біріншіден, клиенттен банктік қарызы бойынша берешекті өндіріп алу жұмыстарын доғарады.
  • Екіншіден, зардап шегушінің үстінен сотқа талап-арыз беру жұмысын тоқтатады;
  • Үшіншіден, банктік қарыз бойынша берешегі бар деген жазбаларды жою арқылы клиенттің кредиттік бюролардағы кредиттік тарихына оң түзетулер енгізеді.

«Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым клиенттің қатысуынсыз, алаяқтық тәсілмен банктік қарызды ресімдеу фактісі белгіленген, заңды күшіне енген сот актісі бар банктік қарыз бойынша клиенттің берешегін есептен шығару туралы шешім және осы банктік қарыз бойынша бұрын ұсталған (төленген) сомаларды клиентке қайтару шараларын қабылдайды», – делінген жаңа заңда.

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close