Әлеумет және қоғамЖаңалықтар
«Күн, су сиқыры». Елордадағы мәдениет басқармасының экс-басшысы сотта өзін ақтауды сұрады

Фото: Үкімет
Астана қаласының мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов пен құрылыс компаниясының басшысы Мәди Қанапин осы жылдың қаңтар айында бұған дейін өздеріне қатысты шығарылған сот үкіміне қарсы апелляциялық шағым түсірді. Адвокаттар оларды ақтап, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрайды, деп хабарлайды qandastar.kz Dalanews.kz-ке сілтеме жасап.
Айта кетсек, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 31 қаңтардағы үкімімен экс-шенеунік өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бюджет қаражатын талан-таражға салды деген айыппен 8 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған. Сондай-ақ оған көмектесіп, сеніп тапсырылған бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде талан-таражға салуға жәрдемдесу фактісі бойынша құрылыс компаниясының өкілі де кінәлі деп танылып, ол 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Сотталғандарға мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалған.
Сондай-ақ Астана қаласының Мәдениет басқармасы» ММ-нің пайдасына ортақ тәртіпте сотталғандардан 1 млрд теңгеден астам мүліктік залал өндірілген.
«Апелляциялық сатымен сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды. Айыпталушылардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, тауартану зерттеуінің қорытындыларымен, маманмен, сарапшымен, аудитор, сондай-ақ жасырын тергеу әрекеттерінің материалдарымен расталды», делінген Астана соттары баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сот актісі заңды күшіне енді.
Бұған дейін Мажағқловтың мемлекеттік мекеме басшысы бола отырып, сыбайласымен 2016 жылы Есіл өзенінің жағалауындағы «Күн» субұрқағының құрылысын қоса алғанда, «Су сиқыры» және «Есіл өзеніндегі жарық иллюминациясы мен отшашу шоуы» шарасын өткізуге бөлінген бюджет қаражатын сметалық бағаны арттыру, арзандау және сапасы төмен материалдарды қолдану арқылы талан-таражға салып, мемлекетке 1 млрд теңгеден астам, аса ірі мөлшерде залал келтіргені хабарланған.