Әлем жаңалықтары
Қытай Трамппен келісім жасауға дайын екенін мәлімдеді

Фото:china-briefing.com сатынан алынды
Quartz жариялаған хабарламаға сілтеме жасай отырып Aikyn.kz америкалық және қытайлық биліктің келіссөздер үстеліне отыру ықтималдығын болжайды, деп жазды qandastar.kz
Президент Трамп: «Олар бізге айтарлықтай маңызды бір нәрсе ұсынбайынша, мен тарифтерді төмендетпеймін». Фото nytimes.com сайтынан алынды. Авторлығы. Doug Mills
Баж салығын енгізу мен өзара сөзбен шүйлігу жағдайында өткен бірнеше аптадан кейін Қытай билігі АҚШ-пен сауда келіссөздерін бастауға дайын екенін білдірді. Алайда бұл үшін АҚШ-тың келіссөзге шынайы пейілмен, ашық ниетпен келуі тиіс екенін ескерткен.
«Егер АҚШ келіссөз жүргізгісі келсе, ол өзінің шынайылығын көрсетіп, қате әрекеттерін түзетуге және біржақты енгізілген баж салығын жоюға дайын болуы керек», – делінген Қытайдың Сауда министрлігінің жұмада (2 мамыр) таратқан мәлімдемесінде. Осылайша, Бейжің Вашингтон тарапынан Қытай тауарларына қойылған 145%-дық тарифтер жойылуын күтетінін көрсеткен.
Қытай жағы президент Дональд Трамп енгізген баж салығына жауап ретінде 125%-дық қарсы тарифтер енгізіп, стратегиялық маңызды сирек кездесетін минералдарының экспортына шектеу қойғаны белгілі. Алайда екі тарап та кейбір маңызды өнімдерге қатысты ерекше жеңілдіктер ұсынып отыр.
Қытайдың Сауда министрлігі Қытай үкіметі Трамп әкімшілігінің соңғы бастамаларын «бағалап жатқанын» айтады. Сонымен бірге министрлік: «Сөз бен істің арасында айырмашылық болса немесе келіссөз дегенді желеу етіп қысым көрсету мен бопсалау жүргізілсе, ол Қытайға жүрмейді», – деп ескерткен. Бұл талап орындалмаса, «шынайылықтың жоқтығын» көрсетіп, өзара сенімге одан әрі нұқсан келтіреді делінген.
Қытай билігі: «Сөз бен істің арасында айырмашылық болса, қысым көрсету мен бопсалау жүргізілсе, ол Қытайға жүрмейді». Фото Quartz сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Lintao Zhang
Министрліктің соңғы мәлімдемесі – екі ел арасындағы кеңірек дипломатиялық диалогтің бір бөлігі. Әр тарап келіссөз бастамасын қарсы тараптан күтіп отыр және ешқайсысы әлсіздік белгілерін танытқысы келмейді.
Жұма күні (2 мамыр) жасалған мәлімдемеде Сауда министрлігі АҚШ-тың жоғары лауазымды өкілдері келіссөз бастау туралы бірнеше рет өтініш жасағанын хабарлады. Алайда Трамп бұл бастама Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин тарапынан болғанын айтып отыр. Ешкім өзінің әлсіздігін көрсеткісі келмейді.
Дональд Трамп Time журналына берген сұхбатында Си Цзиньпиннің оған қоңырау шалғанын айтқан. Ал Қытай шенеуніктері бұл мәлімдемені «жалған жаңалық» деп атап, тарифтер бойынша ешқандай қоңырау немесе келіссөз болмағанын жариялады.