Жаңалықтар
«Қызыңды туған ағасымен де қалдырма»: Психолог әйелдерге қатаң ескерту жасады

Фото: видеодан кадр
Психолог туған ағасынан зорлық көретін қыздардың көп екенін айтты, деп хабарлайды qandastar.kz sn.kz-ке сілтеме жасап.
Психолог, дәрігер-кардиолог Меруерт Серікқызының айтуынша, қыз баланы тіпті туған ағасының жанында жалғыз қалдыруға болмайды.
«Қызыңды ешқашан бөтен ер адамыңмен бірге қалдырма. Кішкентай кезінде зорлық-зомбылықтың құрбаны болған, көзін байлап қойып немесе байламай-ақ зорлық көрген көп қыздар келеді. Кейде 70-80% қызда сондай мәселе бар сияқты. Менің түсінгенім, ешқашан қыз баланы кішкентай кезінен бастап, бөтен ер адамнан бөлек, өзінің туған ағасы, нағашы ағасы, әкесінің інісі, туған атасы деген адамдарға да барынша жолатпау керек. Сондай-ақ, қыздарды бөлек жатқызу керек. Тіпті туған ағаларынан да. Себебі, туған ағалары сол қыздың ең әлсіз жерін, немен алдауға, қалай қорқытуға болатынын білетін ең жақын адамдары. Сол үшін туған аға-інілерінен де бөлек жатқызуға тырысу керек», — дейді ол.
Желі қолданушылары да туғанынан зорлық көретін қыздардың көп екенін жазуда.
«Менің де құрбымды туған ағасы зорлаған. Университетте бірге оқып жүргенде айтып берген. Қатты таң қалғанмын», «Қазір қызды ғана емес, ұлды да қалдырмау керек», «Дұрыс, сақтықта қорлық жоқ», «Менде де болған, бірақ осы уақытқа дейін ешкімге айта алмай келе жатырмын», «Иә, мен де дәрігермін. Өкінішке қарай, көп пациенттен ағам зорлады дегенді естігенмін», — деп жазды олар.