Жаңалықтар
Мақсат ХАЛЫҚ: Шикізаты бар, кадр мамандары қамтылған елде АЭС болмауы – логика қайшы нәрсе
АЭС құрылысына қатысты түрлі мамандармен сұхбат жүргізіліп, бұл сала жан-жақты зерттелуде. Кезекті сұхбат экономист, сарапшы, Мақсат Халықпен болды. Маманның айтуынша, елімізде АЭС салу үшін барлық жағдай қарастырылған. Бірақ оның осы уақытқа дейін болмауы – нонсенс жағдай, деп пікір білдірді.
– Мақсат мырза, елдегі экономиканың ақсап тұрған тұстарына атом электр станциялары әсер ете ме? Энергтика саласында айтылып жатқан дағдарыс мәселесіне пікіріңіз қандай?
– Біздің елде осы уақытқа дейін энергетика профицитті болып келді. Елдегі энергия өндіруде артықшылық бар. Алайда, соңғы уақыттарда энергия тапшылығы байқалып жатыр. Сондай-ақ, алдағы уақытта бізде дефицит нақты болады деген болжамдар бар. Бұл тұжырымдарды көптеген ғалымдар, сарапшылар айтты.
АЭС – баламалы, жасыл энергия көздеріне жатады. Қоғамға және табиғатқа зиянын келтірмейтін энергия өндіру көзі болып табылады. Белгілі бір дәрежеде, баламалы энергияны өндіру мақсатында болашақта салғанымыз дұрыс деп ойлаймын. Десе де, оның екінші жағын қарастыруымыз керек. Салатын ел халық арасында жиі талқыланады. Көпшілік Ресейді құптамай, Корей, Франция елдерінің бағдарламасын қолдап отырғаны өтірік емес.
– Сіздің көзқарасыңызда атом станциясының тиімді тұстары қандай?
– Атом энергетикасының пайдалы тұстары көп. Оның баламалы энергия көзіне жатуы, экологияға көмірқышқыл сынды зиянды заттарды таратпауы және тағы бір артықшылығы біздің мамандарымыздың болуы. Қазіргі таңда елдегі энергетика саласын оқытатын оқу орындарында физиктер, техниктар дайындалып жатыр. Осы орайда сұрақ туындайды. Біз мамандарды кім үшін дайындап жатырмыз? Білікті, білгір студенттерді оқытып алып, шет елдегі өндірісті дамытуға жібермей өз елімізде қалдырғанымыз абзалырақ емес пе. Одан өзге тиімді тұсы – еліміздегі уран қорының жеткілікті деңгейде болуы. Өзге елден алдырмай өзімізден тұтынуымыз, бізге арзанға түседі. Өзге елдердегідей отынды сырттан алдыртпаймыз. Бұл негізінен үлкен шығын.
– Көп мамандардың пікірінше біздің әр ішкен асымызда, киген киімімізде электр энергиясының үлесі бар. Сол энергетика үлесін еліміз қазір қаншалықты тиімді жолмен алып отыр? Қанша қаржы жұмсалуда? Оны жандандыруымыз қажет пе?
– Қазір көмірден энергия алып отырмыз. Боалашақта карбон салығы салынатын болады. Осыған сәйкес көмірден алынатын энергияның құны артады. Сондықтан да, көмірден алынатын энергияның өзі тиімсіз болайын деп тұр. Ал жел, күн энергиясы сөзсіз әлі де қымбат.
АЭС – елдегі шикізаттың мамандардың болуымен бізге тиімді болғанымен сарапшылар айтып жатқан болжамды қауіптердің алдын алуымыз тиіс. Менің түісінігімде сарапшылар әлі де электр энергиясын алу көздерін үстел үстіне қойып барлығын есептеп шығулары керек. Көмірден осынша энергетика алынады, оған карбон салығы салынса оның құны осынша артады, жел энергиясы бізге мынадай суммаға шығады, оның құрал-жабдықтары мыншаға сатып алынады деген сияқты толық зерттеу жүргізілуі керек.
Соңғы уақыттарда озон энергиясы жайлы да айтылып жатыр. Ғалымдардың пікірінше, басқа-басқа Қазақстанның осы бағыттағы алатын энергиясы жаңалық болуы мүмкін. Басқаларға қарағанда біз бәсекеге қабілетті болуымыз мүмкін деген, пікірлер де бар.
– АЭС салған, сол арқылы энергетика жүйесін жүргізіп отырған елдермен Қазақстан экономикасын салыстыруға келе ме? Қаншалықты артта келеміз?
– АЭС салған озық елдердің барлдығын алып қарайтын болсақ, АЭС салынған маңайда қала тұрады немесе елді-мекен. Қалыпты жағдайда өмір сүріп жатқандығын көріп жүрміз. Бұл тұрғыдан алғанда солай өмір сүріп жатқан елдер қаншама.
Тарихқа үңілсек қауіп соғыс жағдайларынан төнеді. Фукусимо, Чернобыльдағы жайттарға табиғи апаттар себеп болды. Алайда мұндай фактілер көп емес те. Бұл дегеніміз, аталмыш салаға қаншалықты білікті мамандардың қажет екендігін дәлелдейді. Өйткені адами фактордың әсерінен де олқылықтар болуы мүмкін.
– Халық арасында радиофобия тарағаны рас. Оны АЭС-ке деген елдің ойынан біліп отырмыз. Мұнымен қалай күресеміз?
– Радиофобия қазіргі таңда көптеген елдерде бар. АЭС салынған кез келген елді алып қарасақ халық наразылық танытқан еді. Олар өздерінің өмірлері үшін уайымдады. Алайда, ол жақта радиофобиямен күрес жүргізу үшін АЭС тұрған көлге балықтар асыраған. Артынша сол балықтарды аулау бойынша түрлі фестивальдер, жарыстар ұйымдастырған. Негізінен ең сезімтал тіршілік иесі – балықтар болып келеді. Адамдар сол жердегі балықтардың сау екеніне көздері жеткендіктен, АЭС-тен қорқуын тоқтатты. Осындай тәжірибелерді біздің елде де жүргізіп, халықты оятуымыз керек.
Қоғамның дамуынан, ілгері технологияның дамуынан кері қалып қалмауымыз керек. Экономист ретінде тиімділік көріп тұрғаным, шикізаты бар, кадр мамандары қамтылған елде АЭС болмауы – нонсенс жағдай.
– Жауаптарыңызға рақмет!
Дина ЛИТПИН