Жаңалықтар
Мамандар пікірі: Қазақ қоғамы әйелді ұятпен буындырады: Олар ажырасуды емес ажалды таңдайды
Фото:
Қазақстанда отбасылық жанжал салдарынан көп әйел өз-өзіне қол жұмсауы күрделі әлеуметтік мәселеге жатады. Бұл мәселені тереңірек түсіну үшін біз отбасылық жанжалдың себебін, әйелдерге көрсетілетін зорлық-зомбылықтың түрлерін және осы трагедиялардың салдарын зерттеуіміз керек. Сонымен қатар, қоғамның бұл мәселеге қатысты көзқарасы мен мемлекеттің қолданып жатқан шаралары да назар аударуды қажет етеді. Осы орайда Alash.kz ұлттық порталыҚазақстанға танымал психологтармен тілдесіп көрді.
Отбасылық жанжал неден туындайды?
Экономикалық қиындық: Отбасында қаржылық тұрақсыздық, жұмыссыздық немесе кедейлік сияқты мәселелер жиі туындағанда, олар жанжалдың басты себебі болуы мүмкін. Көптеген ерлі-зайыптылар қаржылық проблемаларды шеше алмай, өздерін шарасыз сезінеді, бұл агрессияға және зорлық-зомбылыққа алып келуі мүмкін.
Психологиялық және эмоционалдық мәселелер: Стресс, депрессия, психологиялық қысым отбасындағы ұрыстың шығуына ықпал етуі мүмкін. Әсіресе, егер ерлі-зайыптылардың біреуі немесе екеуі де психологиялық қиындыққа тап болса, үйдегі берекенің азайып, шудың ушығуына әкелуі мүмкін.
Алкоголь және есірткі: Бұл фактор отбасылық зорлық-зомбылықтың жиі кездесетін түрі. Қазақстанда ажырасудың негізгі себептерінің бірі ретінде алкоголь қарастырылады. Соңғы деректер бойынша, жұптардың екі жаққа кетуінің 61,7%-ы күйеуі немесе әйелінің алкоголизм тәуелділігіне байланысты орын алған.
Әйелдерге көрсетілетін зорлық-зомбылықтың түрлері
Физикалық зорлық-зомбылық: Бұл әйелдерге қарсы жасалатын зорлық-зомбылықтың ең айқын түрі. Жұбайы немесе жақын адамдары тарапынан жасалатын ұрып-соғу, дене жарақаттары әйелдерді психологиялық және физикалық тұрғыдан әлсіретеді.
Психологиялық зорлық-зомбылық: Бұл жағдайда әйелдер үнемі қорқынышта өмір сүреді, өзін төмен сезінеді, өз өмірі мен балаларының өміріне қауіп төнеді деп есептейді.
Экономикалық зорлық-зомбылық: Әйелдердің қаржылық тәуелділігі, олардың жұмыс істеуіне немесе ақша табуына кедергі жасау да жанжалдың туындауына себеп болуы мүмкін.
Шарасыздық: Зорлық-зомбылықтың үздіксіз қайталануы, ешқандай көмек пен қолдаудың жоқтығы әйелдерді өмірден түңілдіреді. Отбасы, қоғам немесе мемлекеттік органдар тарапынан ешқандай қолдау көрсетілмеген әйелдер өздерін толық жалғыз сезінеді. Қашып шығу жолының жоқтығы: отбасындағы айқайдан қашудың немесе қорғанудың нақты жолдары жоқ, бұл оларды шарасыз шешімдер қабылдауға итермелейді.
Практик-психолог, гештальт-терапевт Ұлмекен Сәндібекқызы:
-Бір апта бұрын Астанада 5 баласы бар ана күйеуімен жанжалдасып терезеден секіріп кетті. Өлімге асығуға қандай себеп түрткі бола алады?
-Көп уақытқа созылған күйзеліс салдары, өзара түсінбеушілік, қаржылық тапшылық, көзге шөп салу факторлары, тұрмыстық зорлық-зомбылық түрткі болуы ықтимал.
-Ересек жандар баладан да әлсіз боп кеткендей. Неге? Әр ана өзіне қол жұмсай берсе, аманат еткен балалардың өмірі қалай өзгереді?
-Иә, өте қиын. Эмоциялық күйреудің әсері деп ойлаймын. Мейлінше көп шыдамдық танытып, соңында шарасыздық сезіміне тап келеді. Оған себеп, “әйелдің қырық жаны бар”, “шыдауға міндеттімін”,-деген сияқты қалыптасқан дағдылар. Адам күйзелістің түбіне жеткен сәтте, баласы да көзге көрінбейді. Өкініштісі сол. Сол себепті, ол дәрежеге жетпеудің амалын қарастырған жөн.
-Әлеуметтік желілердегі ана рөлі өте құнсыздануда. Қазір қоғам декреттік демалыста отырған аналарды мүсіркеп қарайды. Не үшін? Трендте табыс табатын әйел тұр. Бұл арты жаман күйзеліске әкеле ме? Жалпы, қазақ қоғамы қай уақытта ананы қадірсіз етіп үлгердік?
-Декреттік демалыста отырған ананың рөлін құнсыздануы, қоғамда табыс табатын адамды көбірек елеп-ескергендіктен болар. Декреттік демалыстағы ананың жұмысы жауапкершілікті көп талап етеді. Нәресетені 3 жасына дейін өсіріп-жетілдіру үлкен еңбекті талап етеді. Сол себепті табыс таппайды, табады,-деп бөліп-жарып, мүсіркеу , құнсыздандыру орынсыз деп ойлаймын.
Құндылығын сезіну әрбір адамның өзінен бастау алады. Сондықтан өзгенің тапқан табысы мен жетістігіне емес, өз әл-күші мен ресурсына мән берсе ешқандай күйзеліс орын алмайды. Қадірсіз, құндылықты төмендетіп баға беретін қоғам емес, әр адамның өзі. Сол себепті, өзін бағалаған әрбір келіншек-өміріндегі әрбір сәтті ұтымды қолдана алады. Декреттік демалыс та уақытша сәт…
–Инстаграмда психологтар мен коучтар қазір өте көп. Мамандандырылғандары аз. Психолог болу “оңай” боп кетті ме? Олардың әр айтып жатқан ақылы желіде тексерілмейді. Бірақ кейбір отбасыларға жағымсыз әсер етеді. Бұған шектеу бар ма?
-Иә, көп. Әр адамның талғаныма қарай. Психолог болу оңай деп,- айта алмаймын. Дипломды, психологияның арнайы бағытымен жұмыс жасайтын психологтар бар. Бәлкім халықтың барлығының әл-ауқаты көтермейтін болғандықтан, қаражаты жеткен маманға жүгінеді. Одан бөлек, отбасыларға жағымсыз әсер етті деп жауапкершілікті маманға артқан қате ұғым деп ,-ойлаймын. Себебі, ешбір арнайы білімі бар психолог адамға қандай шешім қабылдауы керектігі бойынша ақыл бермейді.
Саралап, сүзгіден өткізу әрбір адамның өз жауапкершілігінде.
Шектеу жоқ. Әрбір тұлға өзінің алған ақпаратына мән беру керек.
-Адам әрине ештеңеге міндетті емес. Бірақ осы “міндетті емеспін” деген сөз кейбір жанұяның жанжалдасуына әкелмей ме? Мейірімділік, жанашырлық сезімдері жоғалып бара жатқандай…
-Меніңше, “міндетті емеспін”-ұстанымы керісінше сау , бақытты қарым-қатынас құруға көп септігін тигізеді. Көбінесе “міндетсіну сезімі” көп ұрыс-керіске алып келеді. Мейірімділік, жанашырлық сезімдері әр адамның жеке тұлға бойындағы қасиеттері. Ал оның жоғалуы арадағы махаббаттың сөнуінде. Қарым-қатынасты сақтау екі жұптың өзіне байланысты. Арнайы уақыт бөліп, отбасылық құндылықты сақтау үшін күш салған дұрыс.
Психолог, қоғам қайраткері, «Көреміз» ток-шоуының белсенді спикері Құралай Таубаева:
-Қол жұмсаудың бірнеше себептері бар. Маған келген клиенттерді мысалға келтірер болсам, олардың бастарына бір уақытта бірнеше мәселе үйіліп қалған. Шығудың жолын таппаған соң қол жұмсауға дейін барған ситуациялар өте көп. Денсаулық, қаражат, қарым-қатынас жағынан мәселелер бір сын сағатта қосылып кетсе, адамға психологиялық тұрғыда өте үлкен соққы тиеді. Ешқандай қолдау көрмеген кезде ең соңғы шешім қол жұмсау деп біледі. Ұзақ уақыт адам стрессте жүретін болса, оның соңы да суицидке алып келеді.Күнделікті өмірді көп балалы аналарға өте көп энергия қажет болады. Күнде қайталанатын істен адам қажиды. Аналарға өз туыс-жақындарынан қолдау мен көмек болғанда суицид азаяр еді. Бөтен отбасыға туыстарының араласуы да біздегі ең үлкен мәселе. Жас отбасыға барлығы ақылшы болуы, ненің дұрыс, дұрыс емесін айтып екі-жастың ортасына түсу де қарым-қатынастың бұзылуына әкеп соғады.
-Ересек жандар баладан да әлсіз боп кеткендей. Неге? Әр ана өзіне қол жұмсай берсе, аманат еткен балалардың өмірі қалай өзгереді?
-Қаншама нәзік жандылармен жұмыс істедім. Олардың осылай өмірден түңіліп кетуіне көбіне ер адамдар әсер етеді. Қазақ қоғамында жауапкершіліктің көп бөлігі әйел адамдарға артылған.Зілдей жауапкершілікті нәзік жанды әйелдің арқалап жүруі оңай емес. Жауапсыз ер азаматтар мен әкелер азайса, тек әйел адам ғана жауапсыз болып, балаларды тастап кетті дегенге қарсымын.Әйелді жақсылап күтіп, бар жағдайын жасайтын болса, дұрыс қарым-қатынас құратын болса, ол бақытты болса өмірден түңілу деген дүние оның ойына да келмеуші еді. Ана өліп кете барса, артында қалған балалардың да мейірімге қанбай, жетімдіктің дәмін татып жүретіні анық.
-Әлеуметтік желілердегі ана рөлі өте құнсыздануда. Қазір қоғам декреттік демалыста отырған аналарды мүсіркеп қарайды. Не үшін? Трендте табыс табатын әйел тұр. Бұл арты жаман күйзеліске әкеле ме? Жалпы, қазақ қоғамы қай уақытта ананы қадірсіз етіп үлгердік?
-Қазір трендте расымен табыс табатын әйел тұр. Бірақ бұған декретте отырған әйелдердің еңсесі түспесе деймін. Себебі сіз 3-5 бала тәрбиелеп отырсаңыз 5 қала тұрғызғанмен бірдей боласыз.
-Инстаграмда психологтар мен коучтар қазір өте көп. Мамандандырылғандары аз. Психолог болу “оңай” боп кетті ме? Олардың әр айтып жатқан ақылы желіде тексерілмейді. Бірақ кейбір отбасыларға жағымсыз әсер етеді. Бұған шектеу бар ма?
-Психолог, коучтар өте көп болып кетті. Сұранысқа орай бұл. Арасында жай ғана курстарды,біліктілігін жетілдіріп,білгенімен бөлісіп жүретіндер бар. Ресейде қазір 1-2 жылдың ішінде онлайн білім ала отырып, психолог дипломына оқытатын университеттер бар. Көп жағдайда коуч мамандарымыз дұрыс емес ақпараттарды беруі мүмкін. Ол үшін оқырмандар білікті болу керек. Әр айтылған ақпараттың маңыздылығын анықтауға тырысу керек. Сөз еркіндігі болғандықтан, олардың айтып жатқан ақылдары ешқандай тексерістен өтіп жатқан жоқ.
-Адам әрине ештеңеге міндетті емес. Бірақ осы “міндетті емеспін” деген сөз кейбір жанұяның жанжалдасуына әкелмей ме? Мейірімділік, жанашырлық сезімдері жоғалып бара жатқандай…
-Адам баласының мейірімділігінің жабылып қалуына не әсер етеді? Өмірінде болған түрлі қиыншылықтар, ренжу, өкпелеу,ызалану, уайым-қайғыға түсіреді. Осы факторлардан кейін адамның жүрегі қатайып, мейірімділік жоғала бастайды.
Қорытындылай кетсек, отбасыдағықиындық, жанжалдың көбі қазақ қоғамында өкінішке қарай көбіне әйел адамға ауыртпалығын тигізеді. Нәзік жанды деген тіркеске кейде сай келмей қалатын әйелдер еркек рөлін де бірге алып жүруге мәжбүр болады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған қаншама келіншек қазір қоғамды жек көреді. Өйткені олар сол қоғам қалыптастырған менталитеттен шаршады. Шарашасыздың шашбау боп байланып, шешім таппай қиналады. Кейін амал жоқ, ажырасу деген тетікті емес, ажалды таңдайды. Бір кем дүние…