Жаңалықтар
Маңғыстаулық оқушының өліміне қатысты іс тергелуде

Фото: ашық дереккөз
Маңғыстау облысы Бейнеу ауданына қарасты Ақжігіт ауылында мектеп оқушысы Сағындық Құрманиязұлының өліміне қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды qandastar.kz
Қайғылы оқиға 2024 жылғы 8 сәуірде орын алған. Марқұмның достары мен туыстары бұл жағдайдың ұзақ уақыт бойы жасалған жүйелі қорлық пен күш көрсету әрекеттерінің салдары екенін айтып отыр. Олардың сөзінше, 20-21 жастағы жастар соңғы үш жыл бойы жоғары сынып оқушыларын өз шаруасына жұмсап, қоқан-лоқы көрсетіп келген. Сағат 16:30 шамасында жігіттер оқушыларға «қора тазалауға келіңдер» деп бұйрық берген. Бұған дейін де олар оқушыларды кәріз тазалау, құбыр жөндеу сияқты жұмыстарға мәжбүрлеп жұмсаған.
Сол күні күдіктілер балаларды кешке тағы шақырып, қатарға тұрғызып, бір-бірлеп соққы жасаған. Куәгерлердің айтуынша, Сағындық Құрманиязұлы кеуде тұсынан бір рет соққы алған соң, қырылдап, сол жерде жан тапсырған. Қылмыс теміржол астындағы қараңғы өткелде жасалған. Күдікті оқиға орнынан еш алаңсыз кетіп қалып, кейін оқиғаға қатысқан балаларға қысым көрсетіп, шындықты жасыруға мәжбүрлеген. Ол Сағындықтың өлімін «жүрек талмасы» деп түсіндіруді талап еткен.
Марқұмның немере ағасы Сәкен Қуанышбековтің айтуынша, Сағындық есінен танған кезде күдікті оған көмектесудің орнына, «талып жатыр, оянады» деп мән бермеген. Сонымен қатар, ағасы басты күдіктінің волейбол жарысына іріктеу кезінде Сағындыққа жол бермей қалғанын айтып, бұл бақталастық та күш қолдануға себеп болғанын жеткізді.
Алғашқыда Сағындықтың өлімі жүрек талмасынан болды деген ақпарат тарағанымен, кейін достары болған жайтты ашық айтып, марқұмның денесінде соққы іздері бары анықталған. 12 сәуір күні ресми арыз түсіп, сол күні күдіктілер ұсталды. Қазіргі таңда негізгі күдікті қамауға алынған. Тергеу жалғасуда, ал ауыл тұрғындары әділ шешім мен ең қатаң жазаның қолданылуын талап етуде.