Жаңалықтар
Медицина университетінің студенті ұшақта адам өміріне араша болды
Фото: Медицина университеті
Астана медициналық университетінің интерні Дінмұхаммед Бектұрған Qazaq Air ұшағының бортында жолаушының өмірін сақтап қалды. Бұл туралы Медицина университетінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп жазды qandastar.kz
«Qazaq Air әуе компаниясының Қызылорда – Астана бағытындағы рейсі кезінде бір жолаушы есінен танып, жүрегі мен тынысы тоқтап қалды. Осы сәтте 791-топтың интерні Бектұрған Дінмұхаммед Нұрболатұлы шұғыл көмек көрсетіп, жүрек-өкпе реанимациясын жасап, жолаушының өмірін қонғанға дейін құтқарып қалды. Біз студенттеріміздің кәсібилігі мен жанашырлығына мақтанамыз!», – делінген хабарламада.
Видеода интерн Дінмұхаммед Бектұрған университеттің 7-курсында оқитынын айтты.
«Қызылорда – Астана рейсімен ұшып келе жатқан уақытта бортсеріктердің микрофон арқылы «біздің бортта медициналық білімі бар жолаушылар бар ма» дегенін естідім. Жан-жағыма қарадым. Ешкім шықпады. Өзім іштей «шығу керек» деп шешім қабылдадым. Барып қарадым, шашамен 50 жастағы кісіге көмек қажет болып жатты. Ол кісіде кеуде қуысының қысылуы жүрегінің қысылуына шағым болды. Нақты сұрақтар қойдым. Ауырсыну сезімі сол жақ қолыма, сол жақ жағыма беріліп тұр деді. Есіме бірден миокард инфаркті туралы білімім түсті. Бортсеріктерден тонометр сұрап, қан қысымын өлшедім, қан қысымы төмендеп кеткен екен. Перифериялық пульсті тексердім. Басында ол кісіде тахикардия болды. Пульсі жиілеп, 105-ке жетті. Бір минуттың ішінде есінен танып қалды», – дейді ол.
Интернге пульсі сезілмей, тынысы тоқтап қалған жолаушының өмірін құтқаруға 5-курста алған білімі көмектескен. Ол жолаушыны жерге жатқызып, жүрек-өкпе реанимациясын жасаған.
«Содан кейін есін жиды, одан соң медикаменттерден не бар екенін қарап, аспирин таптым, 2 таблеткасын беріп, кислород маскасын тағып, науқасты әуежайға жеткіздік. Бізді жедел жәрдем қызметкерлері күтіп алды. Содан мен үйіме қайттым», – дейді Дінмұхаммед Бектұрған.