БілімЖаңалықтар
Мемлекет басшысы: Ағылшын тілін оқытуда ата-аналардың қалауы ескеріледі
Ағылшын тілін оқытуды 2-3-сыныптан немесе ата-аналардың қалауымен 5-сыныптан бастап оқыту керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясында осылай деді. Президент үш тілді білім беру жүйесін енгізу күн тәртібіндегі өте өзекті мәселе екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір бала алдымен ата тілін жетік білуі керек. Басымдықты соған беруі тиіс. «Кейін өзге тілдерді меңгеруге құлшынғаны абзал», деді. Сондай-ақ мемлекет басшысы жоғарғы сынып оқушыларына жаратылыстану-техникалық бағытындағы пәндерді мектептердің дайындығына қарай оқыту қажет екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті: – «Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті», – дейді академик Ахмет Жұбанов. Бұл сөз біз үшін негізгі ұстанымға айналуы тиіс. Үш тілді жүйеге көшу оқытушылар мен білім беру бағдарламаларының дайындығына қарай жүзеге асады. Бұл ретте, ғылыми-жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту білім орталықтарының кадрлық мүмкіндігіне қарай, оқушылар мен ата-аналардың қалауы бойынша іске асуы тиіс. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді», деп өте өнегелі ой айтты. Сондықтан ағылшын тілін оқытуды 2-3-сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-сыныптан бастау орынды әрі тиімді болады деп санаймын. Ал, жоғары сыныптарда жаратылыстану-техникалық пәндерді мектептердің дайындығына қарап жүргізу қажет. Сондай-ақ мемлекет басшысы жергілікті әкімдіктер мұғалімдерді түрлі шараларға жұмылдыру жұмыстарын дереу доғару керектігін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұстаздар қауымын басқа жұмыстарға тарту арқылы әкімдер өз қызметтерін асыра пайдаланып отыр», – деді. Одан бөлек, Президент мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмысын жіті бақылау қажеттігін айтты. Сөйтіп, Үкіметке арнайы заң қабылдауды тапсырды. Өйткені кейінгі жылдары еліміздегі бөбекжайларда бүлдіршіндерді ұрып-соғу деректері жиілеп кеткен. Қасым-Жомарт Тоқаев «мұндай басссыздықты болдырмау», – қажет деді.
Дереккөз: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/bilim-zh-ne-ylym/item/334814-to-aev-a-ylshyn-tilin-o-ytuda-ata-analardy-alauy-eskeriledi