Жаңалықтар
«Мешітте «охранник» болудан шаршадым»: Бұрынғы молда имамдық қызмет туралы бар шындықты айтты
Фото: Stan.kz / Қанат Талғатұлы
Қазақстандық бұрынғы наиб имам Қанат Талғатұлы мешіттегі қызметі кезінде мардымсыз айлық алған. Жалақысы отбасын толыққанды асыруға жетпегендіктен, жиһаз саласына кеткен. Ол Stan.kz тілшісіне еліміздегі имамдардың мәртебесі төмендегенін және діни жоралғылардан азды-кем табыс алғанын айтты.
Бұрынғы наиб имам Қанат Талғатұлы мешітте қанша айлық алғанын және діни қызметтің жүйесін айтып берді.
«Әуелі, мешіттің жүйесін айтып өтейік. Мешітте жәшік болады. Елдің бәрі жұма намазға, Құрбан айт немесе басқа діни жоралғылар жасаған кезде жәшікке ақша тастап отырады. Сол тастаған ақшадан, ең бірінші, мешіттің су мен жарығына, жылу мен керек-жарақтарына өтеледі. Бұдан кейін ол жерде қанша қызметкер болса, марзымайтын 50-60 мың теңге көлемінде қаржы беріледі. Менің соңғы жұмыс істеген мешітімде айына 40 мың теңге шығатын. Бұл қаржы мешіттің ешнәрсесіне жетпейтін. Мысалы, 25 пен 30 мың теңгені жарыққа төлейтін едім. Қалған соманы халық шақыратын құдайы тамақ, жаназа секілді жерлерден алатынбыз. Осы нәрседен күн көрдік. Былайша айтқанда, жұмыс істедім, құдайы тамаққа бардым, қызмет еттім дегеннің өзінде 100 мың теңгеден аспайтын. Бұған күн көру мүмкін емес. Себебі бала-шаға өсіп келе жатыр, олардың балабақшасы бар. Пәтерақыны да төлеуге жетпейтін еді. Содан кейін амалсыздан имамдық қызметтен кетіп, қазір жиһаз саласында ұста болып жұмыс істеп жүрмін. Бұрын 100 мың теңге көлемінде айлық алсам, бүгінде 400 мың мен 500 мың теңге аралағында нәпақамызды тауып жатырмыз», – деп ағынан жарылды Қанат Талғатұлы.