Әлем жаңалықтарыЖаңалықтарСпорт

Милан – әлемдік спорттың ордасы: Қысқы Олимпиада басталды

Милан мен Кортинада төртжылдықтың басты додасы басталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында XXV қысқы Олимпиада ойындарының ресми ашылу рәсімі өтті.

Төртжылдықтың ең ірі спорттық шарасының салтанаты Миландағы әйгілі «Сан-Сиро» стадионында ұйымдастырылды.

Мемлекеттер шеруінде Қазақстан құрамасының көк туын шорт-тректен Денис Никиша мен фристайл-могул спортшысы Аяулым Әміренова алып шықты.

Биылғы Олимпиаданың басты ерекшелігі – ашылу салтанатының бір уақытта бірнеше локацияда өтуі.

Денис Никиша Миландағы негізгі рәсімге қатысса, Аяулым Әміренова Ливиньо коммунасында өткен шаңғы жарыстарының ашылу салтанатында ел намысын қорғады.

Сонымен қатар Олимпиада алауы алғаш рет екі қалада қатар жағылды:

Миландағы Салтанат қақпасында және Кортина-д’Ампеццодағы Piazza Dibona алаңында. Ашылу рәсімі «Armonia» («Үйлесім») атауымен өтті.

Милан–Кортина Олимпиадасы 6–22 ақпан аралығында өтеді. Байрақты бәсекеге әлемнің 93 елінен шамамен 3 мың спортшы қатысып, 8 спорт түрі мен 16 дисциплина бойынша 116 медаль жиынтығын сарапқа салады. Қазақстан ұлттық құрамасынан 36 спортшы (18 ер, 18 әйел) 10 дисциплинада жүлде үшін бақ сынайды.

Ұлттық құраманың қатысуымен өтетін барлық жарыстарды Qazaqstan, Qazsport, «Хабар» және Jibek Joly телеарналары тікелей эфирде көрсетеді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button