Жаңалықтар
«Мойныма бұғау салды. Дем жетпей барады»: Темірлан Еңсебектің сотында не болды?

Фото:Orda.kz.
11 сәуір күні Алматы қаласының Наурызбай аудандық сотында инстаграмдағы Qaznews24 сатира паблигінің авторы Темірлан Еңсебекке қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Оған ұлтаралық араздық қоздырды деген айып тағылып, экстремист деп танылды, деп жазды qandastar.kz
Сотта ахуал шиеленісіп, адвокаттың өтініштері қанағаттандырылмады Журналистерді қызметкерлер қатаң бақылауда ұстады. Ал судья «Сот қоғам пікіріне сүйенбейді» деп мәлімдеді, деп хабарлайды Orda.kz.
10 сәуір күні өткен сот отырысында ғимарат маңына жиналған Темірланның жақтастары залдан бейнетрансляция қосуды талап етті. Алайда полиция қызметкерлері олардың талабына жауап бермей, күштеп полиция бөлімшесіне әкетті.
Бөлімге жеткізілген Темірлан Еңсебектің жақтастары: Дархан Шәріпов, Айгүл Нұрболатова, Мария Кочнева және Қоңысбай Айриске хаттама толтырылып, 78 640 теңге айыппұл салынды.
11 сәуір күні сот залына бүкіл БАҚ өкілдері кіргізілді. Orda.kz тілшісі де осы сотқа бастан-аяқ қатысты.
Қорғаушы адвокат сот залына кіре алмаған БАҚ өкілдері мен жақтастарына арнайы онлайн трансляция жүргізуге өтініш берді. Алайда судья өтінішті қабылдамады.
«Тағы да қайталап айтамын, мұның қажеті жоқ. Барлық БАҚ өкілдері сот залына кіргізілді. Техникалық себептерге байланысты трансляция жүргізілмейді, себебі сотта залдар саны шектеулі. Сотта ондай мүмкіндіктер жоқ»,– деді судья.
11 сәуір күні өткен сот отырысында куәгерлерден жауап алынды. Тінту кезінде куәгер болған адам шақырылды.
Тергеу изоляторынан онлайн қосылған Темірлан Еңсебек куәгерді көрмегендіктен, сот отырысын офлайн өткізуді талап етті.
«Мен куәгерлерді көріп отырған жоқпын, сотқа келіп, өз көзіммен көргім келеді. Менен басқа ешкім куәгерді көрген жоқ. Бұл адамның басқа біреу емес, сол куәгер екеніне көз жеткізгім келеді»,– деді Темірлан Еңсебек.
Адвокат Жанар Балғабаева екі куәгердің тергеу кезінде берген жауаптары «жаттап алғандай» бір-бірінен айнымайтынына назар аударды.