Жаңалықтар
Несиесін 90 күн төлей алмағандарға тұтынушы кредитін беруге тыйым салынбақ
Ел тұрғындарының қаржы ұйымдарының алдындағы берешегі 19 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Үнзила Шапақ айтты.
«Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында 2023 жылғы 20 қазанда мемлекеттік органдардың, қаржы ұйымдарының, тәуелсіз сарапшылар мен қоғам белсенділерінің қатысуымен халықтың шамадан тыс кредит алуы мәселелері бойынша Парламенттік тыңдау өтті. 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 8,5 миллион қазақстандықтың қаржы ұйымдарының алдында 19 трлн теңге сомасына берешегі бар. Оның ішінде 8,2 миллион азаматтың кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша берешегі 10 трлн теңгені құрайды. Бұл ретте 1,6 млн азаматтың 1,7 трлн теңгеге 90 күннен артық мерзімі өткен проблемалық кредиттері бар», — деді депутат.
Үнзила Шапақтың атап өтуінше, парламенттік тыңдаудың қорытындысы бойынша жүйелі ұсынымдар кешені әзірленді.
Оның негізінде Мәжіліс депутаттары «Кейбір заңнамалық актілерге кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын әзірледі.
«Проблемалық қарыздары бар азаматтардың қарыз жүктемесінің өсуіне жол бермеу үшін кредиттер бойынша төлем мерзімін кешіктіру 90 күннен асқан жағдайда оларға кепілсіз тұтынушылық кредиттер беруге тыйым салу жөнінде норма енгізіледі. Бұдан басқа, банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін барлық қолданыстағы (өтелмеген) тұтынушылық кредиттер бойынша төлем мерзімін кешіктіру 90 күннен асқан соң сыйақы есептеуге тыйым салынады», — деді ол.