Жаңалықтар
Нұр-Сұлтандағы өрт: Құтқарушылар терезеден секірген жүкті әйелді қағып алды
Ұлттық ұлан сарбаздары Нұр-Сұлтандағы өртенген жатақхананың төртінші қабатынан секірген үш бала мен жүкті әйелді көрпемен қағып алған, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
Бүгін таңертең Ұлттық ұланның №6 636 әскери бөлімінің жанында №4 жатақханадан өрт шықты. Қызыл жалынды байқаған бір топ сарбаз взвод капитаны Шыңғыс Қайыржановтың басшылығымен 15 адамды құтқарып қалды. 6 639 әскери бөлімінің атқыштар ротасының жедел шешім қабылдап, әрекет етуінің арқасында азаматтық тұлғалар құтқарылып, оларға алғашқы көмек көрсетілді.
«Бәрі аяқ астынан болды. Біз бақылау-тексеру сабағында жүргенбіз. Кенет жанымыздағы жатақхананың екінші қабатынан шығып жатқан қою түтінді байқадық. Әскери қызметшілер тобы өрт ошағына қарай соңымнан жүгірді. Жатақханаға жеткенімізде ішін түгелдей түтін басқан екен. Адамдар көмек сұрап, бірі терезеден секіріп жатты. Қарауыл бастығы Нұрғазы Ержанов екеуіміз және басқа да қызметшілер тұрғындарға керіп ұстайтын материал тастауды сұрадық. Көрпені керіп ұстап адамдарды қағып алдық. Осы тәсілмен 4-қабатта қалған үш баланы және бір жүкті әйелді құтқардық» – дейді капитан Қайырбеков.
Өрт сөндіру жасағы келгенше Ұлттық ұлан сарбаздары қою түтінге қарамай ғимарат ішінде қалған басқа тұрғындарды сыртқа шығарды.
«Қанша екенін білмеймін. Жалпы 15 адамды құқарған шығармыз. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем келген соң иіс тиюден зардап шеккендерді оларға табыстадық», – деді Қайырбеков.
Естеріңізге сала кетсек, өрт сөндірушілердің барлық іс-қимылы жатақхананың жоғарғы қабаттарынан үш бағаналы, 3 шабуыл сатысы, құтқару арқандары және АЛ-30 көмегімен адамдарды құтқаруға бағытталды. Сондай-ақ зардап шеккендерді іздестіру үшін газ-түтіннен қорғау қызметінің буындары қосымша жұмылдырылды.
Өрт сөндірушілердің жедел және үйлесімді іс-қимылдары негізінде 32 адам құтқарылды, оның ішінде 28-і бала. Өрт толығымен сөндірілді.
Өрт сөндіруге жеке құрамнан 66 адам және Өрт сөндіру қызметінің 18 техникасы жұмылдырылды. Өрттің себебі анықталып жатыр.
Мақалаға толық сілтеме: http://stan.kz/nyr-syltandagi-ort-kytkarushilar-terezeden-sekirgen-zhukti-ayeldi-kagip-aldi-video-315229/?fbclid=IwAR3Jc7r4P5MGgzr0DT5pDJ_tpwJOHzn2UVpbCbnIe5xHnNx3p5MB5DoXEYA