Жаңалықтар

Олжас Бектенов Қазақстандық IT-компаниялармен ЖИ-стартаптарды дамыту жайын айтты

Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстандық IT-компаниялардың өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауындағы білім беру, спорт және өнеркәсіп салаларындағы жасанды интеллект (ЖИ) стартаптарын қолдау мәселелері талқыланды, деп жазды qandastar.kz

Paradigm Shift (CodiPlay) компаниясының өкілдері екі негізгі жобасын таныстырды:

  • AI Kitap — мектеп пәндері бойынша оқушылардың деңгейіне бейімделген цифрлық оқулық, ол прогресті бақылап, білімдегі олқылықтарды анықтайды. Қазіргі уақытта оның жұмыс нұсқасы дайындалып, AITU университетімен интеграциялануда.

  • OlympIQ — спортты дамытуға арналған технологиялық платформа, ол жасанды интеллект арқылы аналитикалық, медициналық және ұйымдастырушылық деректерді өңдейді. Жол картасы әзірленіп, прототиптің алғашқы нұсқалары дайындалды.

Премьер-министрге осы жобаларды пилоттық режимде енгізу үшін мектептер мен спорт федерацияларының тізімі дайындалғаны хабарланды.

Олжас Бектенов жасанды интеллект технологияларын дамыту Үкіметтің басым міндеті екенін атап өтіп, отандық өнімдерді қолдауға дайын екендерін білдірді.

Сонымен қатар, кездесу барысында өндірісті оңтайландыру, энергетика мен көлік салаларын жетілдіру, шығындарды азайту және тәуекелдерді басқаруға бағытталған технологиялық шешімдер талқыланды. Бұл жүйелер маңызды салаларда деректерді талдау, болжау және автоматтандыруға арналған.

Жиын соңында уәкілетті органдарға IT-мамандардың ұсыныстарын қарастыру тапсырылды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button