Білім
Оралда мектеп әкімшілігі мұғалімдерден 42 млн теңге өндіріп алу үшін сотқа жүгінді
Фото: istockphoto.com
Орал соты бас бухгалтерді кінәлі деп таныды.
Орал қаласында жалпы білім беретін орта мектеп 75 мұғалімге еңбекақы ретінде артық төленген 42 млн теңгені қайтару туралы сотқа шағым түсірген, деп жазады qandastar.kz turkystan.kz-ке сілтеме жасап.
Тергеу органы мектептің бас бухгалтеріне қатысты қылмыстық іс қозғады. Орал қалалық сотының шешімімен ол кінәлі деп танылып, жаза тағайындалған.
Қылмыстық іс аясында мектепке жүргізілген мемлекеттік аудит 2021-2022 жылдары 75 мұғалімге 42 млн теңге артық төленгенін анықтады.
Алайда, сотта мектеп әкімшілігінің өкілдері педагогтардың қандай да бір құқыққа қарсы әрекеттер жасағанын, соның салдарынан оларға артық қаражат аударылғанын дәлелдейтін дәлелдемелерді ұсына алмаған.
Осыған байланысты №2 Орал қалалық соты мектептің талап қоюын қанағаттандырусыз қалдырды.
Сот жұмысқа немқұрайлы қарау немесе бухгалтерлік қателік болмаған жағдайда еңбек және азаматтық заңнамада көрсетілгендей, артық төленген соманы қайтаруға негіз жоқ екенін атап көрсетті.