Жаңалықтар
«Орыстар болмаса Қазақстан мемлекет болар ма еді?»: демалыс орны қазақша қызмет көрсетпей қойған

Фото: Dalanews.kz
Алакөлдегі демалыс орны қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартып, клиентке дөрекі жауап беріп, «орыстар болмаса Қазақстан да болмас еді» деп өткір мәлімдеме жасаған, деп хабарлайды qandastar.kz Dalanews.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы Threads қолданушылары жазды. Әуелі демалыс орны орысша жауап бергендіктен клиент түсінбегенін айтқан.
Артынша диалогты қазақша жалғастырып еді «ақымақсыз ба? сізге қай тілде жазу керек?» деп дөрекілік танытқан.
Клиент тек демалыс орындары туралы ақпарат керек екенін айтқан.
«Орысша түсінбеймін. Ол сізге ұнамай ма? Мемлекеттік тілді сыйламайсыз ба?», — деген клиент.
Клиенттің бұл өтінішіне демалыс орны дөрекі жауап берген.
«Біз, орыстар болмасақ, сендердің елдерің мемлекет болар ма еді? Тәуелсіздік алған кезде бәрі солай болғаны үшін біз кінәліміз бе? Сендердің үкіметтерің жемқорлыққа салынып, халқыңызды тілге үйретпегені үшін біз кінәліміз бе?», — дейді демалыс орны.
Қазнет реакциясы
Абдулла Мұхамед есімді қолданушы демалыс орны Қазақстан егемендігіне тіл тигізгенін айтады.
«Достар мына alakol.ostrovok деген демалыс орнының әкімшісі Қазақстан егемендігіне тіл тигізген.Бұл скриншот сол демалыс аймағының әкімшісімен демалуға барғысы келген жігіттің қысқаша жазбасы.Достар инстаграмын белгілеп кеттім. Барынша таратайық,бөлісейік», — дейді ол.
Дархан Анарбекұлы есімді қолданушы мұндай жағдайлардан ешкім сабақ алып жатқан жоқ дейді.
«Қазақстанда тұрып, өз туған жерімізде қазақша қызмет көрсетілуін талап етуіміздің өзі абсурд негізі. Осындай жағдай күнде қайталануда. Бірақ сабақ алып жатқан ешкім жоқ», — дейді ол.
«Балақтағы бит басқа шықты деген осы, ағайееен! Бұлардың сыры бұрыннан белгілі. Бетімізге өтірік күліп, іштерінен пүтін әкелерін сағынып отырады. Тредсте заңгерлер отырса, бәріміз жабылып Е-өтініш арқылы арызданайық! Соңғы кездері қазақ пен орыстың арасы өршиін деп тұр. Қазақты адам қылған осылар екен-міс. Не дейміз, шығып кетсін бе халқым?!», — дейді Ардақ Жапарова есімді қолданушы.
Қазіргі таңда қазақстандықтар аталған демалыс орнының үстінен e-otinish порталына арыз түсіре бастаған.
Біз демалыс орнының өзімен байланысуға тырыстық. Алайда әзірге бұл жайтқа қатысты нақты жауап берілмеді.