Әлеумет және қоғам
«Өзенге қосылса, экологиялық апат болады»: Атырау халқы мұнай қалдықтары ашық далаға төгілгеніне наразылық білдірді

Фото: Видеодан скрин
Атырау облысы, Мақат ауданының тұрғындары мұнай қалдықтарының ашық жерге төгіліп жатқанына байланысты алаңдаушылық білдіруде, деп жазды qandastar.kz
Олар бұл жағдай мал жайылымына және қоршаған ортаға үлкен зиян келтіріп жатқанын айтып дабыл қақты. Бұл туралы Stan.kzақпарат агенттігі Информбюробағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Тұрғындар қалдықтар Сағыз өзеніне құйылса, жағдай мүлде ушығатынын айтады. Шаруа Қабдол Өтепов мұнай қалдықтары жайылып кеткен соң малын жайылымға шығарудан қорқып отыр.
«Малға да, халыққа да зиян. Бұл қалдықтарды не көмсін, не өңдесін, не мүлде алып кетсін. Су бар жерде мал түнеп қалады, бұл қауіпті», – дейді ол.
Доссор кентінің тұрғыны Төлеген Қоңырбаев бұл жер Сағыз өзеніне жақын екенін айтып, уайымын жеткізді.
«Бұл жер мал жайылымы. Сағыз өзені де жақын. Егер қалдықтар өзенге қосылса, экологиялық апат болады», – дейді ол.
Бұл жер телімі әкімдікке тиесілі болғанымен, 2 гектар аумақ жекеменшікке жалға берілген. Жерді жалға алған компания бастапқыда мұнай қалдықтарын өңдейтін қондырғы орнатуы тиіс болған. Алайда компания бірнеше рет иесін ауыстырып, талаптар орындалмаған.
Бекәділ Жайкин, Мақат ауданы әкімінің орынбасары осы жер бұрын “Интернет Орал” ЖШС-на берілгенін айтады.
«Кейін олар 2021 жылы “ОКСИ генератор” ЖШС-на сатқан. Бірақ мұнда әлі күнге дейін ешқандай құрылыс жүргізілмеген», – дейді әкім орынбасары.
Экология департаментінің инспекторы Темірлан Болатұлы тексеру кезінде бұл аумақта 13 мың тонна мұнай қалдығы заңсыз жиналғанын анықтаған.
«Компанияның қалдықтарды жинауға рұқсаты болмаған. Сондықтан прокуратурамен бірігіп тексеріс жүргіздік. Сот шешімімен “ОКСИ генератор” ЖШС-на 37 миллиард теңге көлемінде айыппұл салынды. Бірақ бұл аймақтан әлі де жұмыс жүргізілгені байқалмайды», – деді Темірлан Болатұлы.
Ал айыппұл арқалаған компания өкілдері кері байланысқа шықпаған.
Қазір Мақат ауданының халқы бұл мәселе жай ғана айыппұлмен шектелмей, қатаң бақылауға алынып, шешімі табылса екен дейді. Олар құзырлы органдар бұл істі соңына дейін жеткізеді деп үміттенеді.
Еске салайық, бұған дейін Кіші Алматы өзені маңынатемір қалдықтарын көмді деген айыппен «КазФерроСталь» компаниясына бастапқыда 11,4 млрд теңге айыппұл салынған. Алайда сот сараптамасынан кейін айыппұл 878 млн теңгеге дейін қысқартылды. Компания қалдықтарды өзен жағасын бекіту үшін пайдаланғанын мәлімдеді.