Жаңалықтар

Париж Олимпиадасы: Легионерлер шығынды ақтады ма?

Фото: ашық дереккөз

Париж Олимпиадасы басталғалы әлемнің де, елдің де назары спорт саласына ауды. Олимпиада алдында оған қатысудан бас тартқан Елена Рыбакинаның әрекеті көптің талқысына түсті. Өйткені, ел халқы осы сары қыз алтын әкеледі деп үміттенген еді. Осы орайда Skifnews.kz ақпарат порталы шетелден арнайы алдыртқан легионерлердің Париж Олимпиадасындағы нәтижесімен бөліспек. 

Париж Олимпиадасында Қазақстан намысын 80-ге жуық спортшы қорғады. Олардың арасында басқа елде туып, Қазақстан атынан барғандары бар. Өкінішке қарай, легионер спортшылардың нәтижесі өте төмен. Бірде-біреуі жүлдеге іліккен жоқ.

Жалпы, олимпиадалық құрамада 11 легионер болды. Басым көпшілігі Ресейден келген. Мысалы, теннистегі Юлия Путинцева мен Елена Рыбакина жарысқа мүлдем қатысқан жоқ. Алғашқысы Парижге барып тұрып жарақат алғанын айтса, соңғысы Түркиядағы демалысында бронхит болып ауырып қалдым деп сылтауратты. Александр Бублик пен Александр Шевченко жарысты бірінші айналымнан аяқтады. Бұл төртеуі де Қазақстанға Ресейден келген. Бублик пен Путинцева Қазақстан намысын 2012 жылдан бастап қорғап жүрсе, Рыбакина 2018 жылы азаматтық алған. Шевченко тек биылдан бастап Қазақстан туы астында өнер көрсетіп жүр.

Украинада туған Александр Недовесов өзімен аттас Александр Бубликпен жұптық бәсекеде өнер көрсеткен. Бірақ ұзаққа бармады. Алғашқы айналымда бразилиялық теннисшілерге есе жіберді.

Тағы бір ресейлік Екатерина Шабалина тіпті күлкіге қарық қылды. Триатлоннан қатысқан ол жарыс кезінде өзен суын ішіп қойған және құсқан. Сөйтіп, дисквалификация алды. Өзіне артылған сенімді де, салынған ақшаны да ақтаған жоқ.

Екатерина Шабалина – Ресейден келген легионер. Ол 2020 жылы Қазақстан азаматтығын алып, сол уақыттан бері біздің елдің атынан жарыстарға қатысып жүр. Алайда, өзге легионерлер секілді шетелде өмір сүрмейді, Астанада тұрып, осында жаттығуын жасап жүр.

Бұл ретте, журналист Аслан Каженов Рыбакинаны қатаң сынаған болатын. 

«Рыбакина туралы ақпаратты естіп, шок болып отырмыз. Ауырып қалыпты деген себеп айтылды. Оның өзін ватсаптан аудио жазба арқылы алдық. Осы жағдайға тікелей жауапты Ұлттық Олимпиадалык комитет жане Қазақстан теннис федерациясы неге толыққанды мәлімет бермейді?

Жалпы неге алды алынбаған? Неге жауапкершілік түсіндірілмеген? Олимпиада кезінде өз денсаулығына және елдің үмітіне осынша салғырт қарауға бола ма?

Рыбакинаның өзі де бір ауыз үн қатпады. Нақты денсаулық жағдайын білмеймін. Десе де, дзюдодағы Әбиба Әбужақынова әлем чемпионатында иығының сіңірі жыртылып тұрса да, соңына дейін күрескен еді. Бокстағы Серік Сәпиев сынған қолымен әлем чемпионатында соңына дейін жұдырықтасып шықты дегенді естідік. Күрестегі Жамиля Бақбергенованың өзі осылай бір күн бұрын салқын тигізіп, тамағы әбден ісіп, соған қарамастан бозкілемге шықты және әлем чемпионатында жүлде алды. Айта берсе көп.

Елена және оның командасы осыған не дейді екен. Еленаны өліп тұрып қорғап, керісінше, мені жерден алып, жерге салатын жанкүйерлері не айтады екен!? Жарайды. Сауығып кетсін. Өзіміздің қыздар мен жігіттер-ақ сол есені қайтарып, алтынды топырлатып алады. Атам қазақ бекер айтпаған ғой. «Жалдамалы әскер жанын салып соғыспайды» деп. Осыны қашан түйсігімізге түйіп, тиісті қорытынды шығарамыз?»,  – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ал спорт журналисі Бек Төлеуовтің сөзінше, бұл теннисшінің Қазақстан атынан топтық жарыстарға түсуден бірінші рет бас тартуы емес.

«Рыбакина осымен үшінші рет бізді ыңғайсыз жағдайға қалдырып отыр. Қазақстан үшін тек Токио Олимпиадасына ғана қатысты, бірақ жүлде алмады. Ал Азия ойындары мен командалық Billie Jean King Cup жарысына қатыспады. Сол кезде де денсаулық жағдайына байланысты екенін айтқан. Рыбакина тек қаржысы көп, рейтингте ұпай беретін жарыстарға қатысты. Қазақстан атынан командалық жарыстарға қатыспайды. Енді, міне, Париж олимпиадасының жеребесі тартылғаннан кейін бас тартып отыр. Ол топырақ төсеніште онша ойнай алмайды. Менің ойымша, жеребені көрді де қиындау екенін түсінді. Қазақстанда медаль әкелсе ғана оған 250 мың доллар сыйақы тағайындалған ғой, медаль әкелмесе ақша болмайды. Ол тәуекелге баруға дайын болмады», – дейді журналист.

Елена Рыбакинадан бөлек басқа да легионерлердің нәтижесі көңіл көншітпейді. Тіпті мүлдем жоқ деп анығын айтуға да болады. Себебі ескек есу спортында сырттан келгендерге көбірек сенім артқанбыз. Бірақ Өзбекстанда дүние есігін ашқан Тимур Хайдаров каноэде 500 метрге ескек есуден жартылай финалдық кезеңге өте алмады. Ол әріптесі Сергей Емельяновпен бірге қатысқан еді.

Украинадан 2013 жылы қоныс аударған Сергей Токарницкий де байдарка есуді қатырған жоқ. Спортшы Бекарыс Раматулламен бірге ширек финалдан ары аса алмады.

Он жылдан астам еркін күрестен аса ауыр салмақта өнер көрсетіп жүрген Юсуп Батырмурзаев бар. Жақында Олимпиада лицензиясы үшін оған Ақтөбеден пәтер, көлік кілті табыс етілген. Бірақ сенім артқан спортшымыз алғашқы айланымда Польша өкілі Робер Бараннан оңбай жеңілді.

Жеңіл атлетикада Ғұсман Қосанов, Әмин Тұяқовтардың ізбасары жоқ деген соң, Кениядан легионерлер алдырдық. Бірақ Олимпиадада біздің спортшылардың көрсеткішінен әрі аса алмады.

Мысалы, 10 шақырымға жүгіруден Дэйзи Джепкемей мәреге 17-ші келді. Мұндай нәтиже сырттан легионер алудың қаншалықты дұрыс екенін федерация басшысы Даниал Ахметов ойлана жатар деп сенеміз.

Сонымен қатар, 2022 жылы жеңіл атлетикадан Қазақстан атынан тұңғыш әлем чемпионы атанған Нора Джеруто да сенімді ақтаған жоқ. Бір жастағы баласы бар спортшы 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден финалда тоғызыншы орын алды.

Осы даулы мәселеге қатысты Диас пен Әйгерім Камеридановтар өздерінің «Unknownkazak» Instagram парақшаларында пікір білдірген еді. 

«Жыл сайын біз легионерлерге үлкен қаражат бөле отырып, спортшылардың натурализациясын (азаматтық құқық беру; шетелдіктерді қоластына алу) талқылаймыз. Бұл жерде әңгіме тіпті ақша туралы емес. Легионерлер біздің талантты спортшыларымыздың орындарын алып, олардың спортпен шұғылдануға деген ұмтылысын өлтіруді. Көптеген легионерлер тіпті біздің елде тұрмайды да және мансабын аяқтағаннан кейін спортшыларымызға өз тәжірибелерін бөліспей үйлеріне тайып тұрады.

Олар біздің жас спортшыларымыздың орнын басып алып, қомақты қаражат пен жақсы жағдайда шалқып жүр. Біздің спортшыларымызға бұл қалай тиетінін елестетіп көріңізші. Олар бүкіл өмірі мен денсаулығын аямай сарп етіп жүргенде, соңында кейбір сырттан келген «гастролер спортшылар» ұлттық құрамадағы орындарын басып алады.

Тоқетері азаматтығымызды оңды солды үлестіре беруді тоқтататын кез келді. Балалар мен жасөспірімдер мектептеріне, инфрақұрылымға қаражат салып, үздік шетелдік жаттықтырушыларды тартып, өз спортшыларымыздың тәрбиелеуіміз керек. Бұл болашақта жүз есе болып қайтатын инвестиция. Біздің еліміз өзімізден басқа ешкімге керек емес. Қасқырларды қанша асырасаң да орманға қарап ұлиды, – делінген жазбада.

Есесіне, Қазақстанда осы күнге дейін жеті медаль болса, соның барлығы өзіміздің өрендердің еншісінде екен.

Алтын медаль

Елдос Сметов – Жамбыл облысының тумасы;

Күміс медаль

  • Демеу Жадыраев – Жетісу облысының тумасы;
  • Нұрбек Оралбай – Жамбыл облысының тумасы;
  • Нариман Құрбанов – Алматы қаласының тумасы;

Қола медаль

  • Назым Қызайбай – Алматы облысының тумасы;
  • Ислам Сәтпаев – Алматы қаласының тумасы;
  • Александра Ле – Алматы қаласының тумасы;
  • Ғұсман Қырғызбаев – Түркістан облысының тумасы.

Қазақ талантты халық. Кез келген саланы бағындырып, әлемдік деңгейде рекордтар жасауға мүмкіндігі мол. Оны көріп те жүрміз. Бірақ «Ауылдағының ауызы сасық» демекші, спорт саласына шетелдік легионерлерді шақырып, миллиондар шашамыз. Намыс үшін. Алайда олардан көріп жатқан нәтижеміз жоқтың қасы. Елдің намысы – осы елдің азаматтарына керек. Бірақ өз спортшыларымызды тәрбиелеп, өсіру мәселесіне әлі күнге лайықты дәрежеде көңіл бөлінбей келеді. Осы тұста Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін мысалға келтіргіміз келеді.

Біз көбіне шетелдік спортшыларды шақырамыз. Жеңіс те әкелер. Бірақ бұл көрсеткіш пе? Жоқ. Біз қазақ жастары, қазақстандық жастар арасынан олимпиада чемпиондарын, әлемдік және құрлықтық чемпионаттардың жеңімпаздарын дайындауымыз қажет. Бұл үшін біз балалар мен жасөспірімдер спортын, дене шынықтыруды, салауатты өмір салтын дамытуға екпін жасауға тиіспіз, – деді Қ.Тоқаев.

Айтқанындай-ақ, аймақтарда нелер талантты жастар бар. Тек оларды тауып, тәрбиелеп, бағыттау, жағдай туғызу керек. Осы Олимпиададан кейін ел спортында қандай да бір оң өзгерістер болатынына сенеміз. Себебі, Бек Төлеу айтпақшы: Басшылар сырттан әкелген легионерлердің сын сағатта «лақтырып» кететінін түсінген шығар. Өз балаң өзекке тепсең де кетпейді. Жалдамалы әскер ешқашан жеңіс әпермейді. Бұл бір сабақ болған шығар.

 

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close