Жаңалықтар
Павлодарлық балабақша сәбилерге алты тіл үйретпек
Павлодар қаласында №56 балабақша іске қосылғаннан кейін мұнда қазақ, орыс және ағылшын тілдерінен бөлек, қытай, кәріс, түрік немес жапон тілдері оқытылуы мүмкін, деп хабарлайды https://pavlodarnews.kz сайтына ҚазАқпарат сілтеме жасап.
Мәлім болғандай, балаларға бірнеше тілді оқыту ата-аналардың өтініші бойынша қолға алынбақ. Бұрынғы «Стикс» мектебінің орнына ашылатын №56 балалар бақшасының жөндеу жұмыстарымен танысқан Павлодар әкімі Әнуар Күмпекеев атқарылып жатқан жұмыстарға қанағаттанды. «Мұнда қазақ, орыс және ағылшын тілдерін оқытумен шектелмейміз. Қазіргі кезде Азия тілдері зор болашаққа ие. Балалар бақшасында қытай, кәріс, тіпті жапон тілдерін оқытуымыз мүмкін. Әрине, бұған ата-аналар ниет білдіріп жатса», – дейді Әнуар Күмпекеев. №56 балабақша басшысының міндетін атқарушы Ғафура Махметованың айтуынша, пайдалануға берілген кезде бақшада 10 топқа бөлінген 230 бала тәрбиеленеді. «Балабақша бес күндік 12 сағаттық режіммен жұмыс істейді. Бірақ демалыс күндері қосымша сабақтар берілуі мүмкін. Оларға мектеп алдындағы әзірлік, тіл сабақтары секілді ата-аналар сұранысы бойынша сабақтар беріледі. Бізде балет, театр студиялары және балалар фитнес-залы жұмыс істейтін болады. Оған қоса, бақшада тұз шахтасы, массаж және физиотерапия кабинеттерін жабдықтау көзделуде», – дейді Ғафура Махметова. Ғафура Махметова айтқандай, жөндеу жұмыстары 12 наурызда басталып, жоспарға сәйкес 20 маусымда аяқталады. Жоба құны – 337 миллион теңге.
Мақаланың толық нұсқасы:
https://www.inform.kz/kz/pavlodarlyk-balabaksha-sabilerge-alty-til-uyretpek_a3524594