Жаңалықтар
Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясының пленарлық отырысын

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясының пленарлық отырысында еліміздегі сөз бостандығы, этносаралық келісім және кейбір шетелдік ұйымдардың әрекеттеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды qandastar.kz
Мемлекет басшысы қоғамдағы сын мен пікір білдіру мәдениетіне назар аударды.
«Күріш пен күрмекті, конструктивті сын мен дәлелсіз мін тағуды, көңілге тимейтін пародия мен жиіркенішті қорлауды айыра білу маңызды. Заң алдында бәрі тең. Сол себепті біз еліміздегі этносаралық келісім мен бейбітшілікке нұқсан келтіретін кез келген арандатудың жолын кесіп келеміз, әрі қарай да қатаң тосқауыл қоямыз», – деді Президент.
Тоқаев кейбір өзін құқық қорғаушы, блогер немесе журналист ретінде көрсететін тұлғалардың әрекеттеріне тоқталып, олардың шынайы мақсаты халықты адастыру екенін айтты.
«Өздерін сөз еркіндігінің жақтаушысы ретінде көрсеткісі келетін кейбір құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, блогерлер мен журналистер еліміздегі әр істен саяси, жағымсыз астар іздеп, шын мәнінде, арандатумен айналысып жүр. Бұл – Қазақстаннан көшіп кетіп, шетелде жүріп халқымызға шабуыл жасайтын, тіпті мемлекеттік органдарды бопсалайтын бұрынғы азаматтарымыздың әрекеті. Олар шет мемлекеттер берген ақшаны ақтауға жұмыс істеп жүр», – деді ол.
Президент бұл әрекеттерді еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін қатер ретінде бағалап, сыртқы күштердің демократия ұғымын өз мүддесіне пайдалануға тырысып жатқанын ашық айтты.
«Демократияны біреудің қаржысымен орнатуға болмайды. Еліміздің әл-ауқаты, соның ішінде демократия мен сөз бостандығы үшін шетелде ешкімнің басы ауырып, балтыры сыздамайды. Оны нақты түсінген жөн», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жақында шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың күмәнді әрекеттері ашық әшкереленгенін айтты. Сондай-ақ, кейбір отандық грант алушылардың да көлеңкелі істері белгілі болғанын атап өтті.
«Қазақстанда проблема жоқ демейміз. Әрине, басқа елдердегідей бізде де түйткілдер бар. Бірақ біз оны әлдекімдердің әдістемесімен емес, өзіміздің ұлттық мүддеміз бен заңнама аясында шешеміз», – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқының береке-бірлігі мен ұлттық құндылықтарға адалдығын баса айтып, ел тұтастығын сақтаудағы басты тірек – тарихи-мәдени сабақтастық екенін жеткізді.
«Идеологиялық өшпенділік – біздің дүниетанымымызға мүлде жат. Дәстүріміз бен құндылықтарымыз, болмысымыз бен өмір салтымыз ұлтымызды біртұтас тарихи-мәдени және саяси қауым ретінде біріктіріп, тұтастығын бекемдейді», – деді Тоқаев.