Жаңалықтар

Президент қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады, деп жазды qandastar.kz.

Тоқаев Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай отандастарына тілегін жаудырды. Сөзінше, осы мерейлі күнді еліміздің әрбір азаматы ерекше көңіл-күймен қарсы алып, жеңімпаз аға буынға шексіз ризашылығын білдіреді.  

“Фашизмге қарсы сұрапыл соғыс халқымызға орасан зор қайғы-қасірет әкелді. Біздің қаһарман жауынгерлеріміз асқан ерлік пен батылдық танытып, азаттық пен әділдік жолында аянбай күресті. Жүз мыңдаған сарбазымыз ұрыс даласында қаза тапты. Тылдағы жұрт та адам айтқысыз қиындыққа қарамастан тынымсыз тер төгіп, Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосты. Олар егіс алқабында, зауыттар мен фабрикаларда күн-түн демей жұмыс істеп, майданды қамтамасыз етті”, – деді Тоқаев.

Ол батырлардың қайтпас қайсарлығы мен қажырлы еңбегі ұмыт болмайды деді.

“Жанқиярлық пен ерліктің озық үлгісін көрсеткен батырларымыздың есімін әрдайым ұлықтаймыз. Ардагерлерімізге қамқорлық жасап, қолдау білдіреміз”, – деді ол.

Қазақстанда Жеңіс күніне орай бес жүзге жуық көшені қаһарман ерлеріміздің атымен атау туралы шешім қабылданған екен. Сондай-ақ ауқымды әскери шеру өткенін атап өтті. Мұның бәрі зұлмат соғыстың зардабын халқымыз ешқашан жадынан шығармауы үшін қажет екенін айтты.

“Біз Жеңіс күнінде бейбіт өмірдің қадірін ұғынып, достық пен тыныштықтың маңыздылығын терең түсінеміз. Осы мызғымас құндылықтар әрдайым халқымыздың әл-ауқатын арттырудың және Қазақстанды тұрақты дамытудың берік негізі болып қала береді. Мен бұған кәміл сенемін. Қадірлі ардагерлерімізге және барша отандастарымызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!”, – деді президент.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close