Жаңалықтар
Ресей делегациясы 15 мамырда Ыстамбұлға келеді: Құрамы жарияланбады

Фото: Сергей Карпухин/ ТАСС
Ресей өкілдері 15 мамыр күні Ыстамбұлға келеді және сол жерде украин тарапын күтеді. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді, деп жазды qandastar.kz сайты Ria.ru порталына сілтеме жасап.
Украина президенті Владимир Зеленский бұған дейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен Анкарада кездесу туралы келісім жасағанын айтқан еді. Егер Владимир Путин Түркия астанасына барудан бас тартып, Ыстамбұлды таңдаса, онда Зеленский мен Ердоған да сол жаққа баруға дайын екенін мәлімдеді.
«Біз бұл кездесудің Путинмен өтуі үшін барлығын жасаймыз. Атысты тоқтату туралы шешімді тек ол ғана қабылдай алады», – деп атап өтті Украина басшысы.
Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерге АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да қатысатыны белгілі болды. Бұл туралы Дональд Трамп Сауд Арабиясындағы инвестициялық форумда айтты. АҚШ президенті келіссөздерден «өте жақсы нәтижелер» күтетінін де жеткізді.
Еске салайық, 11 мамырда Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Украинаға ешқандай шарт қоймастан тікелей келіссөздер жүргізуді ұсынған еді. Ресей тарабы мұндай диалогты 15 мамырда-ақ Ыстамбұлда бастауға дайын екенін жеткізді.