Жаңалықтар

Семейде шырша безендіру кезінде биіктен құлаған мұғалімнің әйелі биліктен өтемақы талап етті

Фото: ашық дереккөз

Семейде шырша безендіремін деп биіктен құлап, ауыр жарақат алған мұғалімнің әйелі биліктен өтемақы талап етті, деп хабарлайды qandastar.kz

Мұғалімнің жары Сымбат Аянқызы КТК телеарнасына науқастың әлі жарты жыл ем алуы қажет екенін жеткізді.

Оның айтуынша, 23 жастағы мұғалім Қуат Айтқали өздігінен жүріп-тұра алмайды. Сондықтан оны күтіп, қарау үшін де бір адам қасында отыруы қажет.

“Дәрігерлер оның миына құйылған қанды тоқтатып, сынған бас сүйегінің жартысын алып тастаған. Енді екі айдан кейін оның орнына пластмасса салу үшін қайта ота жасалады.

Жәбірленушінің әйелі ұстаздарға шаһар басшысының орынбасары мен білім бөлімінің басшылары шыршаның басына шығуға бұйрық бергенін айтады. Семейдегі бас шыршаны безендіруге барлығы он мектептің мұғалімдері жұмылдырылған екен”, — дейді КТК телеарнасы.

Мұғалімнің әйелі қағаз жүзінде болмаса да, бұйрық ауызша берілгені анық деп отыр. Енді тергеу аяқталған соң адвокат жалдап, өтемақы талап ету үшін сотқа жүгінбек.

“Біз барлығын заң жүзінде істеп жатырмыз. Қазір 362-баптың төртінші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр. Барлығынан сұрақ алынып жатыр. Енді алдағы уақытта сот әділ өтеді деген шешімдеміз. Тергеу қалай бітеді, кімді кінәлі қылады, біз соларға арыз жазып, бәрін сотпен шешеміз”, – дейді Сымбат Аянқызы. 

Айта кетейік, 9 қаңтарда ауыр жарақат алған семейлік мұғалім Қуат Айтқалиевтың ауруханадан шыққаны туралы жазған едік.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, қазіргі уақытта мұғалімге өтемақы төлеу мәселесі қарастырылып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Семейде жаңа жылдық шыршаны безендіру кезінде мұғалім биіктен құлап, ауыр жарақат алған еді.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Facebook-тегі парақшасында аталған оқиғаға байланысты облыс басшылығы әділ әрі жан-жақты тексеру жүргізу керек екенін айтқан болатын.

«Семей қаласында мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны безендіруге тарту және әріптесіміздің осы іс барысында жарақат алуы — заң бұзушылықтың айқын көрінісі. Педагогтерді кәсіби міндеттеріне жатпайтын мұндай жұмыстарға тарту — «Педагог мәртебесі туралы» заңды өрескел бұзу деп санаймын. Бұл оқиғаға байланысты облыс басшылығы әділ әрі жан-жақты тексеру жүргізіп, алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктердің қайталануына жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдайды деп үміттенемін», — деп жазды ол.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close