Жаңалықтар
«Сені де өлтіреміз!» — деп қорқытты». Шерзаттың анасы өз ұлының қалай қаза тапқанын айтып берді

Фото: ашық дереккөз
Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша өтіп жатқан сот процесінде марқұмның анасы Гүлбара Бишембаева куәлік берді, деп хабарлайды qandastar.kz
Alash.kz жазғандай, ол ұлының қазасына куә болғанын және оқиға орнында болған сәттерін толығырақ баяндады.
Бишембаеваның айтуынша, түн ортасында күйеуі хабарласып, Шерзатқа біреу шабуыл жасағанын айтқан. Ол Нұрқанат есімді ұлын оятып, кейін өзі «Қамажай» дүкеніне барған. Оқиға орнында 10–15 адамнан тұратын топты көргенін, арасында екі қыз болғанын жеткізді. Оның сөзінше, топ бір адамдай болып Шерзатқа жабылған.
— Алдымен Шерзат пен Дархан арасында қақтығыс болды, артынша Шерзат құлап түсті. Абзал Ахметке соққы беріп, ол дүкен қабырғасына барып соғылды. Сосын бүкіл топ ұлдарыма жабылды, — деді ол.
Ол адамдарды тоқтатуға тырысқанын, бірақ Абзал мен Нұрбол оның қолын ұстап жібермей қойғанын айтты.
— «Мен анамын, балама тимеңдер!» — деп жалындым. Бірақ Абзал: «Сені де өлтіреміз!» — деп қорқытты, — деді анасы.
Сондай-ақ ол Нұрқиястың қолында мылтық болғанын, ал Шыңғыстың пышақпен Шерзаттың арқасына соққы жасағанын көргенін мәлімдеді.
— Шерзат жараланып, артқа шегініп барып құлады. Қасына жүгіріп барғанда: «Анашым, мына жерге қарашы», — деп сол жағын көрсетті. Сол жерде пышақ жарақаты болды, — деді Гүлбара Бишембаева.
Оқиға куәгері ретінде ол жедел жәрдем мен полиция шақыруға тырысқанымен, жанындағы екі қыздың ешқандай әрекет жасамағанын атап өтті.
Сот процесі жалғасып жатыр.