Қазақстандық блогер Алмас Тоқабаев Астанада түсірілім кезінде жол полициясы қызметкерлері тарапынан дөрекілік пен мәдениетсіздікке тап болғанын айтып, әлеуметтік желіде шағымын жариялады, деп жазады qandastar.kz
Тоқабаевтың айтуынша, түсірілім тобы екі апта бойы астаналық саябақтардың бірінде жұмыс істеген. Жобаны жүргізу үшін олар қалалық және аудандық әкімдіктен барлық қажетті рұқсаттарды алып, саябақ қызметкерлері мен жергілікті тірек пунктіндегі полиция өкілдері түсірілімге кедергісіз жағдай жасаған.
Блогер саябақ аумағына декорация мен жабдық таситын көліктердің кіретіні алдын ала ескертілгенін, тірек пунктіндегі полицейлер түсірілім тобына толық қолдау көрсеткенін айтты.
Алайда Тоқабаевтың айтуынша, саябақ қақпасы маңында тұрған жол полициясы әр кірген және шыққан көлікті тоқтатып, қатаң сөйлеп, дөрекілік көрсеткен.
«Мәдениет дегеннен жұрдай. Сен-сен деп сөйлеп, планшетпен қоқан-лоқы жасайды. Екі рет тоқтатты, екі әңгімеміз де дауыс көтерумен аяқталды», – деп жазды ол.
Блогердің сөзінше, түсірілім тобы ресми рұқсатпен жүрсе де, жол полициясының әрекеті жұмысты қиындатып, түсірілім процесіне кедергі келтірген.
Алмас Тоқабаев сондай-ақ полицейлердің келбеті мен техникасы жақсы болғанымен, қарым-қатынас мәдениеті төмен екенін атап өтті.



