
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Олимпиада чемпионы, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров пен оның командасының Олимпиадаға дайындығына бөлінген қаржы көлемін жария етті деп хабарлайды qandastar.kz сайты nur.kz порталына сілтеп.
Ведомствоның мәліметінше, қысқы олимпиадалық спорт түрлеріндегі спортшыларға мемлекет тарапынан жүйелі қолдау көрсетіледі. Қаржы оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруға, халықаралық жарыстарға қатысуға, спортшы мен жаттықтырушылардың еңбекақысына, медициналық және ғылыми сүйемелдеуге, спорттық киім-кешекке, психологиялық дайындыққа және жаттығу процесін қамтамасыз етуге бағытталған.
Министрлік дерегіне сәйкес, 2025 жылы Шайдоров пен оның командасының дайындығына жалпы 263 394 581 теңге жұмсалған. Оның ішінде 19 оқу-жаттығу жиынына (8-і ел ішінде, 11-і шетелде) 47 млн теңге, ал бес халықаралық жарысқа қатысуға 16 млн теңге бөлінген.
2025 жылы спортшының жалпы еңбекақысы 33 989 000 теңгені құраса, жеке бапкері Алексей Урманов 26 млн теңгеден астам жалақы алған. Ал хореограф И.В. Регинаның еңбекақысы 23 млн теңге болған.
Бұдан бөлек, жарыс бағдарламаларын қою, костюм тіктіру және музыкалық шығармаларға авторлық құқық сатып алу шығындары да қаржыландырылған. Сонымен қатар, әлем чемпионаты мен Азия ойындарындағы жетістіктері үшін спортшыға 6,6 млн теңгеден астам біржолғы сыйақы, ал жаттықтырушылар штабына 1,5 млн теңге төленген.
Министрлік өкілдері мұндай кешенді қолдау жүйесі отандық спортшылардың әлемдік аренада жоғары нәтижеге қол жеткізуіне мүмкіндік беретінін атап өтті.



