Жаңалықтар
Шавхат Рахмоновтың әйелі жол апатына ұшырады: қаза тапқандар бар

MMA жауынгері, UFC-дегі алғашқы қазақстандық спортшы Шавхат Рахмоновтың жұбайы тізгіндеген көлік жол апатына ұшырап, салдарынан екі жолаушы қаза тапты, деп хабарлайды Qandastar.kz
Жол апаты Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы тасжол бойында болған.
Белгілі болғандай, Гүлайым Рахмонова ұлы және құрбыларымен Қарағандыдан Алматыға бара жатқан.
Спортшының жары тізгіндеген Toyota Land Cruiser көлігі Алматы-Екатеринбург тасжолының 296 шақырымында, Ақсүйек ауылының маңында аударылған. Алдын ала деректерге сәйкес, әйел рөлді басқара алмай қалған.
Жол апаты салдарынан оқиға орнында 39 жастағы жолаушы көз жұмды. 35 жастағы екінші жолаушы Мойынқұм аудандық ауруханасына бара жатқан жолда қайтыс болды.
Рахмонова мен оның 2022 жылы дүниеге келген ұлы Шу қалалық ауруханасына жеткізіліп, травматология бөлімшесіне жатқызылған. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа деп бағалап отыр.
Ота жасау қажет етілмейді. Олар дәрігерлердің бақылауында, — деді ауруханадан.
Полиция екі және одан көп адамның өліміне әкелген жол қозғалысы ережелерін бұзу бабы бойынша сотқа дейінгі тексеруді бастады. Басқа ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.