Жаңалықтар
Шерзат Полаттың өліміне қатысты істе 117 адамнан жауап алынды – Бас прокуратура
Фото: ашық дереккөз
Талғарда 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша 117 куәгерден жауап алынды. Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтің айтуынша, департамент әлі де материалдармен танысу сатысында, деп жазды qandastar.kz
Мәжілісте журналистер Бас прокуратурадан Шерзат Полат ісі бойынша жұмыс қалай жүріп жатқанын сұрады.
«Тергеу аясында 39 сараптама, 117 куәгер мен жәбірленушіден жауап алынды, 90 дискі қаралды 36 беттестіру тағайындалды. Талдауды қажет ететін материалдар өте көп. Бұл біраз уақытты алады», – деді Бас прокурордың орынбасары.
БАҚ өкілдері ведомствоның тергеу нәтижелерін қашан жариялайтынын сұрады.
«Қазір біз қылмыстық іс материалдарымен танысу сатысындамыз. Іске 11 адам қатысты», – деп түйіндеді Қойгелдиев.
Еске салайық, 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен наразылық тудырды. Марқұмның әкесі туыстарымен және жергілікті тұрғындармен бірге әділ тергеу жүргізуді талап етіп, наразылық ұйымдастырды. Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Нұрымовтар отбасының үйі толығымен өртеніп кетті. Бас прокуратура өрттің қасақана жасалғанын мәлімдеді. Жергілікті билік отбасына уақытша баспана мен тәулік бойы күзет берді. Сондай-ақ әкімдік үйді қалпына келтіруге уәде берді.
Stan.kz жазғандай, оқиғаларды тергеу кезінде ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов пен Алматы облысының прокуроры Берік Адамов 12 қазанда кінәлілерді анықтау бойынша шаралар туралы мәлімдеді. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін Талғарға Ұлттық ұлан күштері жұмылдырылды.
9 желтоқсанда Талғардың шетінде Шерзат Полаттың жанында болып, қақтығыс кезінде қаза тапқан жасөспірімнің әкесінің жанында жүрген оның ағасының денесі табылғаны белгілі болды. Полиция мәліметінше, ер адам өзіне қол жұмсаған.