Әлеумет және қоғам
«Шеттегі қандастардың ана тілін білмеуі – жан жаққа шашыраған ұлттың тағдыры»
Еліміз тәуелсіздік алғалы бері шеттен келген қандастарды қолдау жұмыстарын еш тоқтатқан емес. Тарихи отанына этнкалық қазақтарды шақырудың тағы бір жолы жас ұрпақты Қазақстанда білім алуын қамтамасыз ету. Дәл осы салада көп жылдан бері аянбай еңбек етіп келе жатқан маманның бірі – тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының меңгерушісі Мырзабеков Молдахмет Сейдахметұлымен сұқбаттасқан едік. Қандас сутденеттердің бүгінгі жай-күйімен, болашағы хақындағы келелі әңгімемізді назарларыңызға ұсынбақпыз.
– Қайырлы күн, Молдахмет Сейдахметұлы оқырмандарымызға өзіңіз жайлы, бүгінге дейінгі атқарылған жұмысыңыз жайлы айтып өтсеңіз…
– Жалпы кафедра тарихына келсек, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ғылыми Кеңесінің 27.02.2009 жылғы № 4 шешімімен 10.02.2009 жылғы ректордың № 20 бұйрығына сәйкес кафедра өз жұмысын жаңа бағытта бастады. Кафедрада оқу-әдістемелік бюро және эдвайзерлік кеңес жұмыс істейді. Негізгі мақсат – кешенді тестілеуге дайындау. Оқу үдерісінде үш негізгі пән – Оқу сауаттылығы, Қазақстан тарихы, математика сауаттылығы және тыңдаушылардың таңдаған мамандықтарына сәйкес физика, химия, биология, география, жалпы тарих, қазақ әдебиеті, ағылшын және орыс тілі пәндері оқытылады.
– 2001 жылдан бері шет елдердегі қазақ диаспорасы өкілдерін Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына түсуге дайындап, оларды әлеуметтік ортаға бейімдеу мәселесін жүзеге асырып келген кафедра ұжымы 2010 жылдан бастап Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан және Ауғанстан Республикасының білім беру саласындағы өзара ынтымақтастық туралы келісім негізінде АИР тыңдаушыларына мемлекеттік бағдарлама бойынша білім беруде.
– 2001 жылдан бастап кафедра жұмысы жаңа бағытты – қазақ диаспорасы өкілдеріне шетелден келген қазақ диаспора өкілдеріне арналған дайындық бөлімінің жұмысын міндетіне алды. Бұл Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен шетелде қазақ диаспора өкілдерін атамекенге шақыртып өз елінің азаматы атануына, жоғары оқу орындарында білім алуына зор мүмкіндік берді.
– Қандастармен жұмыс жасап келе жатқаныңызға қанша жыл болды?
– Мен 2016 жылдан бастап жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасына меңгеруі қызметіне келдім. Сол уақыттан бастап, осы күнге дейін шетелден бірнеше елдерден атап айтар болсам, Қытай, Монғолия, Иран, Ауғанстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Сауд Арабиясынан қазақ жастары дайындық бөлімінде білім алды.
– Олардың қандай ерекшеліктері немесе кемшіліктері бар?
– Біз шетелдегі қазақтарды айтпай, өзіміздің он төрт облыстағы қазақтарды алып қарасақ та, әр өңірдің қазақтарының өзіндік ерекшелігі бар ғой. Оған қарағанда бұлар әр мемлекеттен, әр – түрлі дәстүрлердің, түрлі саяси жүйенің ықпал етуінде ес жиып ата топыраққа келіп отыр. Сондықтан да олардың бізден аздаған өзгешеліктері бар әрине. Дей тұрғанмен де қазақ қайда болса да қазақ қой. Сол баяғы аққкөңіл, алғыр, ашық жарқын қазақтың ұрпақтары. Кемшілігі дегенде олардан мен бәлендей кемшілік көріп тұрғам жоқ. Тілдік жақтан өзі жасаған елдің тіліне бейімделіп кетуі, немесе таза сол елдің тілінде сөйлеп келуі ол кемшілік емес. Ол біздің жан жаққа шашыраған ұлттың тағдыры. Оны ешқашан кемшілік деп санап кемсітуге болмайды. Біз осы мәселе үшін жұмыс жасауымыз керек. Жылда көріп жүрміз. Жыл соңында бәрі қазақша сөйлеп шығады.
– Қандас жастардың бірден елге бейімделіп кетуі мүмкін бе?
– Бірден бейімделе алмасада, олар осы ортаға бейімделсек деген үлкен ынтамен келеді. Сол ынта-жүректері олардың тез ортаға үйлесіп кетуіне көмегін созады. Басында біраз қиналсада көпке бармайды. Үш – төрт ай ішінде бейімделіп болады.
– Сіздің ойыңызша оларға тағы қандай тиімділік жасауымыз керек?
– Шет елдегі қандастарды бір шаңырақтың астына жинау, қазақтың санын көбейту, бұл әу баста тәуелсіздік таңы атып, ел еңсесін көтергеннен бастап бірге көтеріліп келе жатқан өте маңызды саяси жоба ғой. Сондықтан біз оларға әрдайым тиімділік жағын қарастырып, жағдайларын жасап, олардың елге көптеп келуі үшін қызымет етуіміз керек. Десе де олар біздің қазіргі күннің өзінде істеп жатқан ісімізге көңілдері тоқ. Олар қанағатшыл. Көбінің санасында «осындай отанымыздың барына да шүкір» деген идея басым.
– Ең алғашқы жастар мен қазіргі жастардың арасында өзгерістер бар ма, болса қай жағынан?
– Бар әрине, қандастарды айтпағанда біздің де ол кездегі жастар мен осы күнгі жастар мүлде бір – біріне ұқсамайды ғой. Сол сияқты олар да солай. Қазіргілер заманның дамыған кезінде, жағдайдың жақсарған кезінде туылған балалар. Олар өте ерке. Сондықтан бұрынғыларға қарағанда төзімсіздеу болуы мүмкін.
Екінші бір жағы; осы кезде шетелдегі қазақ мектептердің жабылуына байланысты, енді келіп жатқан қазақ балаларының бұрынғыға қарағанда өз тілін жеттік біліп кғелуі кемшілдеу болып тұр. Басқа пәлендей өзгешелік жоқ.
– Алдағы уақытта елге жастарды тартуда неге көңіл бөлген жөн?
– Жастарды тартуда ең бастысы ол қазақ болса болды, олардың білім деңгейі қазақ тілін білу білмеуі ең басты іс емес. Алдымен отанға келгеннен кейін емтихан беріп бізге қабылданады. Ал бізге оқуға түскен жастарды білім беріп, жетілдіріп, бар күш жігерімізді сарқып олардың жоғары оқу орындарына түсуіне жол салу ол біздің міндет.
– Қытай, Моңғолия, Түркия сияқты елден келетін қандастарымызға орыс тілі жат. Олардың болашақта жұмысқа орналасуына, елге қызмет етуіне тілдік кедергілер жоқ па?
– Тілдік кедергілер әрине болуы мүмкін. Бұдан бұрынғы жылдары келетін қандастарға кедергі көп болатын. Құдайға шүкір қазіргі кезде жыл сайын қазақ тілінің мәртебесі өсіп келе жатыр ғой. Сол себепті бұл кедергілер сәлде болса азаюда деп ойлаймын. Оның үстінге қазір шетелден келетін тыңдаушылар өз тілінен басқа ағылшын тілін де жақсы меңгеріп келеді. Осындай істердің арқасында кедергілер жыл сайын азайып келе жатыр.
– Сіздерден білімін бастап шығып, бүгінде ел алдында жүрген, танымал жастар бар ма?
– Бар. Олар қазір қоғамның әр саласында жұмыс істеп жүр. Олардың арасында өнер саласының жүйріктері де, білім-ғылым саласының үздік мамандары да бар. Біз олармен мақтанып жүреміз. Атап айтар болсақ, «Қамшы.kz» ақпараттық агенттігінің директоры – Біләл Қуаныш, әнші, сазгер – Ұшқын Жамалбек, «Жұлдыздар отбасы» журналының бас редакторы – Жақсылық Қазымұратұлы, М.Әуезов атындағы Драма театрда драматург – Әнес Бағдат, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының құрметті ұстазы, әнші, сазгер – Асқар Әкімбек. Бұдан өзге түлектеріміз Қазақстанның белді университеттерінде еңбек етуде.
– Сырлы сұхбатыңызға рахмет! Алдағы істеріңізге сәттілік тілеймін!
Сұхбаттасқан: Айдана МӘУЛЕН