Жаңалықтар
ШҚО-ның тағы төрт ауданы «өз уақыт белдеуіне» көшті

Облыс әкімдігі ақпаратына сүйенсек, енді Тарбағатай, Зайсан, Күршім және Самар аудандарының тұрғындары жұмысты таңғы 08:00-де бастап, 17:30-да аяқтайды. Түскі үзіліс 12:00-ден 13:30-ға дейін белгіленген.
«Бұл жаңашылдық өңірдің табиғи ерекшеліктерімен – ерте таң атып, күннің ерте батуымен байланысты. Жаңа кесте тұрғындарға күндізгі жарықты тиімді пайдалану мүмкіндігін береді. Өзгерістер мектептерге, балабақшаларға және медициналық мекемелерге әсер етпейді, себебі олар бұған дейін осы кесте бойынша жұмыс істеп келген»,- делінген ақпаратта.
Zakon.kz жазғандай, Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсəлімқызы бұл шешім жергілікті тұрғындардың пікірі ескеріле отырып қабылданғанын атап өтті.
«Бұл шешімді қабылдамас бұрын, біз әр ауылдық округте жиналыстар өткіздік, тұрғындар бұл бастаманы қолдады. Себебі, Зайсан ауданы Шығыс Қазақстан облысының шығыс шекарасына ең жақын орналасқан, сондықтан бізде күн ерте шығады, яғни жарық күн де ерте басталады. Сол себепті, жұмыс күнінің 08:00-де басталып, 17:30-да аяқталғаны халық үшін әлдеқайда қолайлы – жұмыстан кейін үй шаруасына, балаларға және жақындарына көбірек уақыт қалады», – деді Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсəлімқызы.